Қызылорда құтқарушылары ашық есік күнін өткізді
Бұл күні құтқарушылар қалалықтарға судан құтқару кезінде қолданылатын қазіргі заманғы машиналарды, катерлер мен қайықтарды, стационарлық және жылжымалы жабдықтарды, байланыс құралдары мен гидрокиімдерді көрсетті. Бұдан бөлек, мектеп оқушылары арасында арнайы жарыс ұйымдастырылды. Оның жеңімпаздарына соңынан сыйлықтар табыс етілді.
- Біз ашық есік күнін өзіміздің қызметіміз жөнінде жұрт жақсырақ біле түссін деген мақсатта өткіздік, - дейді облыстық судан құтқару қызметінің бастығы Арыстан Алмашев. - Жарысты мектеп оқушылары суға кетіп бара жатқандарды қалай құтқаруға болатынын біліп, дағдылансын деген оймен ұйымдастырдық. Өйткені, апаттан алып шыққаннан гөрі оның алдын алған әлдеқайда оңай. Құтқарушылар өз қызметтерінде апаттардың алдын алу жайында көбірек жұмыс жүргізеді.
Облыс құтқарушылары жұмыс тиімді бола түсу үшін сондай-ақ облыстық ішкі істер департаментінің судан құтқару қызметімен, санитарлық эпидемиологиялық стансамен, облыстық білім басқармасымен бірлескен жұмыстың жоспарын жасасты.