Қызылорда мемлекеттік университетінде «Тәуелсіз елім, тұғырың сенің биікте» атты кеш өтті
Ел Тәуелсіздігі күніне арналған мерекелік кеште білім ордасының ардагер-ұстаздары, оқытушы-профессорлары мен студенттері және университеттің магистранттары мен докторанттарына дәріс оқуға келген шетелдік ғалымдар болды. Салтанатты жиынды ашқан университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов өз сөзінде: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының тарихындағы сындарлы кезеңдерде өркениеттің даңғыл жолына бастайтын түбегейлі реформаларды табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орны бар мемлекетке айналып, 130-дан астам елмен әріптестік қатынастар орнатты, экономикасы тұрақты даму жолына түсті»,-деп ерекше атап өтті. Сонымен бірге, университет басшысы салтанатты шарада жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін физика және математика кафедрасының профессоры Пажарбек Сапарқожаевқа ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Алтынсарин» төсбелгісін табыстады. Университеттің бірқатар оқытушы-профессорлары мен түлектері Қызылорда облысы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен марапатталса, облыстың өнер, мәдениет саласын дамытуға ерекше үлес қосып жүрген түлектерімізге 75 жылдық мерекелік медалі табысталды. Ал, музыкалық білім және дәстүрлі музыка өнері кафедрасының оқытушысы Мақпал Шәкірова «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалін иеленді.
Мерекелік кеште қазақ елінің өткен тарихы, халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күрескерлік жолы мен бүгінгі бейбіт өмірді бейнелейтін монолог оқылып, деректі фильм көрсетілді. Университет өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, «Дидар» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі күй күмбірлетті. Ұлттық нақыштағы билер биленді. Студент-жастар «Алға Қазақстан!» ұранымен салтанатты кештің ажарын аша түсті.
Жалпы, университет ұжымы мерекені айтулы жетістіктерімен қарсы алып отыр. Атап айтсақ, білім ордасы тұңғыш рет университеттердің әлемдік рейтингіне қатысып Азия мемлекеттерінің 718 жоғары оқу орындары арасында 68-орынды, Қазақстанның жетекші 21 жоғары оқу орындары арасында 4-орынды иеленді. Университет АҚШ , РФ, Түркия, Австрия, Оңтүстік Корея, Польша және т.б. елдердің 60-тан аса жоғары оқу орындарының ғылыми орталықтарымен байланыс орнатып, оқытушы-профессорлардың тәжірибе алмасуын, қос диплом бағдарламаларын жүзеге асыруды жүйелі жүргізіп келеді.