Қызылорда мен Болу шаһары арасында ынтымақтастық пен бауырластықты дамыту меморандумына қол қойылды
Бұл кездесудің ерекшелігі Болу қаласынан түркі халықтарының танымал Көроғлу аңызы шыққан өңір болса, Қызылорда түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт Бабамыз мекендеген киелі өңір.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кездесу барысында: «Құрметті қонақтар, Сіздермен арадағы сан-салалы байланысымыз алдағы уақытта жоғары деңгейге жетіп, бауырластығымыз, туыс-жақындығымыз арта түсеріне кәміл сенемін. Тәуелсіздік алған 23 жыл ішінде Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыс жылдан жылға артып келеді. Сіздерге екі ел арасындағы байланысты жақсарту және дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге табыс, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін» - дей келе, өңіріміздің тарихы мен бүгінгі таңда жеткен жетістіктерімізге қысқаша тоқталып өтті.
Өз кезегінде, Болу қаласының мэрі Алааддин Йылмаз: «Сыр топырағына алғаш келіп тұрмын, алайда Сіздердің ыстық ықыластарыңыздың арқасында, өзімді шет елдің азаматындай емес, осы елдің тумасындай барынша еркін сезініп отырмын. Осы ыстық лебіздеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Екі ел арасындағы байланысты арттыру мақсатында Сіздер мен біз тәжірибелерімізді біріктіріп, бірлесе жұмыс жасасақ, түркі елдерін әлемдегі ең беделді ел етеріміз анық. Бүгінгі бауырлас екі қала арасындағы қол қойылатын меморандумды «Алтын ғасырдың» жаңа бастамасы болып, бауырлас елдер арасындағы жаңа маңызға ие еркше тарихи құжат ретінде қабылдаймын. Алдағы уақытта бірлесіп атқарар жобалар көп болып, бауырлық қарым-қатынасымыз арта берсін» - дей келе, барша қазақстандықтарды еліміздің ең мерейлі мерекесі - Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Шара соңында Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және Болу қаласының мэрі Алааддин Йылмаз экономикалық, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік ынтымақтастықты, бауырластық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мақсатындағы меморандумға қол қойды.