Қызылорда мен Қытай мұнай университеті мұнай саласының білікті мамандарын бірігіп даярламақ (ФОТО)
Жиынға «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Цинь Хунвей, әкімшілік-шаруашалық бөлімінің менеджері Чжан Юнли, еңбек ресурстары және әкімшілік жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Даминова Суфия Равильевна, оқу бөлімі және персоналды дамыту бөлімінің бастығы Қосанова Айкүміс Мәдібекқызы және «СНПС-Айдан Мұнай» компаниясы Акционерлік қоғамының президенті Лю Шаою қатысты.
Кездесу барысында университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов мәртебелі меймандарға университеттің миссиясы, білім беру қызметі мен ғылыми әлеуеті және халықаралық байланысы жөнінде кеңінен таныстырды. Сонымен бірге, Қытай мұнай университетімен әріптестік байланыс 2013 жылдан бері жүргізіліп келе жатқандығын атап өтті.
Кездесу барысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Пекин қаласындағы Қытай мұнай университетінің басшылары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа қол қойды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің делегациясы осы жылдың маусым айында Қытай мұнай университетінде іссапарда болып, аталған оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, екіжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде келіссөздер жүргізген болатын.
Оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықтың негізгі мақсаты - бірлескен білім беру орталығын құру, бакалавриаттың 7 мамандығы бойынша «2+1+2» жүйесі негізінде бірлескен қос дипломдық - қос дәрежелі бағдарламаны енгізу, профессор-оқытушылар құрамымен алмасу бағдарламасын жүзеге асыру және университеттің базасында қытай тілі мен мәдениетін оқыту орталығын құру, Қытай мемлекетінің стипендиялық бағдарламасын енгізу болып табылады.
Әріпстестік кездесу аясында университеттің №1 оқу ғимаратынан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті және Қытай мұнай университетінің бірлескен білім беру орталығының арнайы ашылу рәсімі өтті.
Қытай мұнай университетінің президенті, профессор Чжан Лайбин мырза өз сөзінде екі жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық барысында мұнай саласына білікті мамандар даярлаумен қатар бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізілетіндігіне тоқталды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің халықаралық байланысы жыл сайын нығаюда. Университет жақын және алыс шетелдердің 65 жетекші жоғары оқу орындарымен, түрлі халықаралық қорлар және орталықтармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Осы шетелдік әріптес оқу орындары арасында Қытай Халық Республикасының жетекші оқу орындары, атап айтқанда, Санджы кәсіптік-техникалық колледжі, Санджы университеті, Қытай мұнай университеті де бар.
Университетте 2013-2014 оқу жылынан бастап бакалавриаттың «Шет ел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша мамандар даярлау ағылшын-қытай, ағылшын-кәріс, ағылшын-араб тілдерінде жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, «Мұнай-газ ісі» мамандығының студенттеріне қытай тілі пәні қосымша оқытылуда.