Қызылорда облыстық театрының сахнасында - «Түнгі көбелектер»

Спектакльдің қоюшы режиссері Оңталап Нұрмахановтың айтуынша, үстіміздегі жылы театр ұжымы жастар туралы және жастарға арналған қойылымдарға айрықша көңіл бөліп отыр. Мәселен, жақында ғана театр көрермендері Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» атты лирикалық драмасын тамашалаған еді. Бұл тақырып жастарды толғандыратыны анық. Ал «Түнгі көбелектерде» ата-бабаларымыздың дәстүрлі өсиеттері мен отбасылық құндылықтарды аяққа таптап, ар-намыстарын ақшаға сатып жүрген жеңіл жүрісті жастардың бастарындағы драма шынайы көрсетіледі. Үлкен қалаға ақша мен қызық қуып келген кешегі ауыл баласының тез арада бет-бейнесін өзгертіп, сұйық жолға түсіп кетуі кім-кімді де ойландырады.
Театр актерлары бұл қойылымды нанымды етіп шығаруға айрықша еңбек сіңірген. Олардың әрбірі сахнада өте жақсы ойын көрсетіп, алға қойған мақсатты орындап шығуға өз үлестерін қоса білді. Айталық, бизнесмендердің рөлін Руслан Ахметов пен Бақытбек Темірбеков керемет сомдаса, ана образын Қарлығаш Айтжанова шынайы етіп бейнеледі.
Үстіміздегі жылы театр труппасы «Түнгі көбелектерді» бірнеше рет қайталап қоюды жоспарлап отыр.