Қызылорда облысы әкімінің екі орынбасары ауысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы активінің отырысында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жаңа екі орынбасарын таныстырды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Әкімдіктің өндіріс, инвестициялық саясат, кәсіпкерлік және туризм салаларына жетекшілік жасайтын орынбасары болып Евгений Германович  Ким тағайындалды.

Е.Ким 1975 жылы Қызылорда облысының Тасбөгет кентінде туған.

Мәскеу мемлекеттік құрылыс университеті мен Қоғамдық ғимараттар институтының аспирантурасын бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1999 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті экономика және менеджмент кафедрасының аға оқытушысы болып бастаған. 2001-2004 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы болған.

2004-2006 жылдары «Жетісу» акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі, қаржы-аналитикалық департаментінің директоры, вице-президенті лауазымында болды.

2006-2010 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің экономика жөніндегі кеңесшісі, 2010-2012 жылдары «Ларими Инвест Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарған.

2012-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі болды.

2013 жылдың наурыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келді.


Ал, Руслан Рүстемұлы Рүстемов облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтің ішкі саясат және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болып тағайындалды.

Р.Рүстемов 1968 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «филолог, қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы», «Болашақ» университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасының стажер-оқытушысы болып бастаған.

1997-2002 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің аппаратында маман, консультант, Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

2002-2008 жылдары Қызылорда облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппаратының әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі, 2008-2010 жылдары Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2010-2015 жылдары Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы, екі мәрте ішкі саясат басқармасын басқарған, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет еткен.

2015 жылдың ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Жаңақорған ауданының әкімі болды.

Еске сала кетсек, осыған дейін облыс әкімінің орынбасары лауызымын атқарып келген Рауан Кенжеханұлы басқа қызметке ауысуына байланысты Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.

Соңғы жаңалықтар