08:23, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қызылорда облысы білім жүйесінің рейтингісі күрт көтерілді
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған Ұлттық білім сапасын бағалау орталығы еліміздегі жалпы орта білім беру жағдайының 2007 және 2007-2008 оқу жылдарындағы қорытындыларын жариялады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қорытынды білім беру үдерісін ұйымдастыру сапасы, қызметінің нәтижесі және кадрлық педагогикалық құрамы бойынша жасалған. Бұл ретте республика аймақтарындағы білім беру жүйесінің жалпы жағдайы 58 индикатор мен көрсеткіштер бойынша жан-жақты сараптан өткізілген. Сараптамалық көрсеткіштер екі негіз бойынша шығарылған. Олар жалпы білім беру бойынша және облыстың білім жүйелері қорытындылары негізінде қарастырылған. Бұлардың екеуінде де Сыр бойының білім жүйесінің едәуір ілгері жылжушылығы анық аңғарылады. Айталық, Қызылорда облысындағы орта білім берудің жағдайы 2006-2007 оқу жылында 7-ші орынға табан тіреген болса, 2007-2008 оқу жылында ол 2 орынға бір-ақ көтерілген. Аталған көрсеткіш бойынша ең жоғары рейтингілік балмен алғашқы үштікте Астана қаласы, Қызылорда және Павлодар облыстары тұр. Сөйтіп, алдына тек Астана қаласын ғана жіберген біздің облыстың білім жүйесі кестенің екінші сатысынан орын алды. Келесі көрсеткіш облыстың білім жүйелерінің қорытындылары бойынша Қызылорда облысы 2005 жылдан бері 15 орында, яғни көш соңында болатын. 2007-2008 оқу жылы нәтижесімен алғаш рет 9 орынға көтеріліп, озық ондықтың сапына енді. Бұл көрсеткіш бойынша біздің аймақ Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл секілді іргелі облыстардан алда тұр. Осылайша Қызылорда облысы 2003 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан байқауда осы жолы бірінші рет алғашқы рейтинг бойынша үштікке енсе, екінші кесте бойынша ондықтан орын алды.