Қызылорда облысы: Қазалыдағы балалар лагерін су басты
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Қазалы қаласында орналасқан «Шағала» лагерінің аумағына су жайылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазалы ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі Зәуреш Ораққызының мәліметінше, Сырдария өзеніндегі мұз кептелістері салдарынан су деңгейі көтеріліп, Қазалы қаласындағы «Шағала» лагерінің жанындағы қорғаныс бөгетін бұзған. Лагерьдің аумағына су жайылған.
«Су басу қаупінің алдын алу мақсатында арнайы техникалар арқылы топырақпен бекіту жұмыстары жүргізілуде. Балаларды сауықтыру орталығы жаз мезгілінде жұмыс істейтіндіктен зардап шеккендер жоқ», - дейді ол.
Бұдан бөлек, әкімдіктің баспасөз қызметі дария бойындағы су басу қаупі бар Сарыкөл, Бірлік, Өркендеу, Арықбалық, Көларық, Майдакөл ауылдық округтері бойынша тәулік бойы кезекшілік бекітіліп, қажетті қауіпсіздік шаралары қабылданғанын мәлімдеді.
Қазіргі таңда аудан бойынша жағдай тұрақты бақылауда.