Қызылорда облысы медицинасына жергілікті биліктің қолдауы өте жоғары - Сапар Рахменшеев
- Сапар Құттыбайұлы, барлығын кадрлар шешетінін ескерсек, бірінші сауалымыз дәрігер мамандардың тапшылығына ойысады, бұл мәселе қалай шешімін табуда?
- Қазіргі таңда, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдардағы жоғары білімді медицина мамандарына тапшылық былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеу үрдісі байқалады, әсіресе ауылдық жерлердегі дәрігер мамандарына қажеттілік соңғы 3 жылда 52,3 пайыздан 37,8 пайызға төмендеген, яғни бұл көрсеткіш соңғы жылдары Елбасының қолдауымен «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы шеңберінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік салаға қажетті мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа тарту және оларды тұрақтандыру мақсатында көрсетілген әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесі болып табылады. 2012-2014 жылдары облыстың емдеу-алдын алу ұйымдарына жалпы 281 жас маман-дәрігерлер жұмысқа қабылданды (2012 жылы - 98, 2013 жылы - 127, 2014 жылы - 56).
- Адам жанына қашанда білікті дәрігер ғана араша тұра алады. Біздің дәрігерлердің білім-білігін арттыру мақсатында жасалып жатқан істерге тоқталып өтсеңіз...
- Облыс әкімдігі Алматы қаласындағы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтымен 2013-2015 жылдарға өзара іс-қимыл шараларының жоспарын бекітіп, аталған іс-шара аясында 2014 жылы 72 525 773 теңге жергілікті бюджет қаражатына 1078 дәрігер маманның білімін жетілдіру жоспарланды. Үстіміздегі жылдың 9 айлық қорытындысымен 868 дәрігер біліктілік жетілдіріп, 87 маман қайта даярлаудан өтті. Сонымен қатар, облыстың Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарының 8 негізгі бағыт бойынша барлығы 8 маман қайта даярлаудан өтіп, 84 маман біліктілігін жетілдірді. Атап айтқанда, биылғы жылдың 10 айында 2 эндокринолог, 2 нефролог, 2 ревматолог,1 кардиолог,1 лор дәрігер маманы қайта даярлаудан өтті, 39 эндокринолог дәрігер және «Экстрагениталдық ауруы бар жүкті әйелдерді жүргізу принциптері» тақырыбына 25 жалпы тәжірибелі дәрігер, 20 акушер гинеколог білімін жетілдірді. Жалпы облыс медицинасына жергілікті биліктің қолдауы өте жоғары деп айтқым келеді.
- Облыс көлемінде мемлекеттік бағдарламалар негізінде салынып жатқан медициналық нысандардың жайы қалай болуда?
- Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы өз деңгейінде жүріп жатыр. «100 аурухана бағдарламасы шеңберінде» 2013 жылы облыстық бюджет есебінен Қармақшы ауданы Төретам кентінде 100 келушіге арналған ауылдық емхананың құрылысы іске қосылды. Нысанның жалпы сметалық құны - 210,8 млн. тенгені құрайды. Қазіргі таңда бағдарлама шеңберінде республикалық бюджет есебінен жалпы сметалық құны - 4 815,3 млн.тенге болатын, «Қызылорда қаласында 200 төсектік облыстық перинаталдық орталығы пайдалануға берілді. Сонымен бірге «350 дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушериялық пунктер және емханалар салу» жобасын іске асыру шеңберінде ауысымына 250 келушіге арналған жалпы құны - 4 430,5 млн. теңге болатын 3 (Қармақшы, Шиелі, Сырдария аудандарында) аудандық емхана іске қосылды. Соңғы екі жылда «Жұмыспен қамту -2020» жол картасы бағдарламасы шеңберінде 24 ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
- Медициналық көмек көрсету сапасы жақсарып келеді. Ал енді облыстағы өлім көрсеткіші қай деңгейде?
- Облыс аумағындағы емханаларда «Жас ана мектебі», «Дені сау бала» кабинеттері жұмыс атқаруда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының және облыстық емдеу алдын-алу мекемелерінің мамандарымен ауылдық жерлердегі емдеу ұйымдарына іс жүзінде көмек көрсетіп отыр. Атқарылып жатқан жұмыстар барысында ана өлім көрсеткіші 100 000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 32,9%-ға (2011 ж-15,8, 2012 ж-15,7, 2013 ж-10,6), сәби өлімі көрсеткіші 1000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 19,6 пайызға төмендегені байқалады. Жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда өткен жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға төмендеді. Соңғы 3 жыл көлемінде жалпы өлім көрсеткіші (2011ж-6,6 , 2012 ж-6,5 , 2013 ж-5,4) 18,3 пайызға кеміді.
- Сұхбатыңызға рахмет.