Қызылорда облысы прокуроры аймақтың құқық қорғау органдарын БАҚ-пен байланыста жұмыс жасамайтындықтары үшін сынады

Елбасының 30 қаңтарда өткен жиында берген тапсырмаларын жүзеге асыруға арналған жиында құқық қорғау органдарына халық сенімінің әлі төмен болып отырғаны айтылды.
«Негізінде осы толғандырып отырған мәселелерді біз білеміз, халықтан оны жасырмаймыз және оларды жою үшін тегеурінді шаралар қолдану біздің міндетіміз, - деді осы орайда облыс прокуроры. - Бізді құқық қорғау органдарының қызметіне халық сенімінің төмен деңгейде болуы алаңдатып отыр. Қоғамның бұл бағасы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан құқық қорғау органдары шын мәнінде қорған бола алады деген сенімнің төмен екендігін көрсетеді. Оның басты себебі, құқық қорғау органдары, әсіресе, ішкі істер органдары қызметінде заңда белгіленген ашықтық қамтамасыз етіле бермейді. Жұртшылықпен кездесу формалды түрде жүзеге асады. Ол көбіне-көп алдын ала іріктеліп шақырылған адамдардың қатысуымен өткізіледі. Қылмыстық ізге түсу органдары бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде теледидар арқылы қылмыспен күрестің алдын алуда белсенділік танытпайды, озық тәжірибелерді тарату мен халықты құқық бұзушылыққа төзбеушілікке шақыру бағытындағы насихат жұмыстарын жеткіліксіз жүргізеді».
Осы жерде БАҚ-пен жұмыстың нашарлығына тоқталып өткен облыс прокуроры халық сеніміне ие болып, құқық қорғау органдары қызметіне қоғам көңілі толатын күнге жету сала қызметіндегі маңызды және міндетті түрде орындалуы тиіс шарт екенін атап өтті.