12:18, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Қызылорда облысы республикада бірінші болып санақтың межелі көрсеткішінен шыға білді
ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Кеше Қызылорда облыстық статистика департаментінің бастығы Бақыт Сапар БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.
Онда Ұлттық халық санағының 8 күнінде облыс бойынша 688 мың 421 адам есепке алынып, жоспардың 102,4 пайызға орындалғаны жайлы айтты. Бұл ? республикадағы жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Департамент бастығының айтуынша, өткен жылдың қазан айында жүргізілген есепке орай облыста шамамен 672 мың 164 адам болғандығы анықталған еді. Ұлттық халық санағының 8 күні аймақ тұрғындарының сол көрсеткіштен 16 мыңға артқанын дәлелдеп тұр. Санақ парақшалары толтырылғандардың 341 мың 588-і ерлер, 346 мың 833-і әйелдер екені анықталды. Тіркелгендердің 660 мың 928-і қазақтар, яғни бұл аймақ тұрғындарының 96 пайызы жергілікті ұлт өкілдері екенін айғақтайды. Сонымен қатар 800-ге жуық шет ел, 600-дей республиканың өзге өңірлерінен келген азаматтар тіркелді. Айта кету керек, облыста жүзден асқан 19 қария тіркелген. Олардың алды 109-да, 8-і Арал ауданынан болса, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданында 3, Шиелі, Қазалы аудандарында 2, Сырдариядан бір қарт есепке алынған. Санақтан өткен адам саны облыс орталығында да, аудандарда да алдын ала алынған есептен артып тұр.Департамент басшысы санақтың әлі де жалғасатынын, алынған есептің әлі де толықтырылатынын еске салды. 7-16 наурыз аралығында қорытынды аралау жүргізіледі. Оның мақсаты ? санақтан өтпей қалған азаматтарды есепке алу. Өйткені мемлекеттің басты байлығы ? халқы. Сондықтан да әрбір адам қоғамнан тысқары қалмауы тиіс.