Қызылорда облысы жартыжылдықты жоғары көрсеткішпен қорытындылады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы алғашқы жартыжылдықты жоғары көрсеткішпен қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес облыстың экономикасы мен бірқатар маңызды салаларының даму динамикасында өсу тенденциясы байқалады.

Өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарында биыл 344,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде өсім 14,6 пайызға жеткен.

Аталған мерзімде өңірге 104,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 25,7 млрд теңгеге құрылыс жұмысы жүргізілген.

Нәтижесінде 297,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың есептік мерзімімен салыстырғанда 105,3% көрсетіп отыр.

Облыста индустрияландыру бағдарламасы арқылы да бірқатар ауқымды жобалар жыл көлемінде жүзеге асады деп жоспарланып отыр.

Олардың алғашқысы «Orda Glass ltd» ЖШС еншісіндегі «Табақша шыны шығару және өңдеу зауытының құрылысы».

«Қармақшы құс» ЖШС жылына 1500 тонна құс етін өндіру жобасын биыл жүзеге асатын бастамалардың қатарына кіргізіп отыр.

Сондай-ақ, «Аралтұз» АҚ-ның «Ас тұзын өндіру», «Qazaq Qamel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару өндірісі» де жыл жоспарына енген жобалар қатарында.

Жалпы құны 48,5 млрд теңгені құрайтын бұл жобалар іске асқанда өңірде жаңадан 506 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.

Аймақта жыл басынан бері 16 мың 464 жаңа жұмыс орны құрылып, оның ішінде 6 мың 328 тұрақты жұмыс орны қалыптасқан.

Саладағы қиындықтарға қарамастан ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі де 28,5 млрд. теңгені құрады.

Есепті кезеңде тірі салмақта 17,4 мың тонна мал және құс еті, 40,9 мың тонна сүт, 3,2 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Қызылордалықтардың орташа айлық жалақысы да жоғарылаған.

Мәселен соңғы мәліметтерге сәйкес бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 194 мың 678 теңгеге жетіп, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117,4% құраған.


Соңғы жаңалықтар