Қызылорда облысында 1,5 млрд. теңгенің қаржылық заң бұзушылықтарына жол берілген - Есеп комитеті

Бұл туралы Есеп комитеті баспасөз қызметі таратқан мәліметте айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қызылорда облысына бөлінген нысаналы трансферттердің қаржыландыру көлемінің динамикасы жергілікті бюджетке түсетін түсімдер бойынша салық салынатын базаның жеткілікті қамтамасыз етілмегенін көрсетеді. Егер 2007 жылы республикалық бюджеттен түскен түсімдер 38,5 млрд. теңге немесе нақтыланған бюджеттің 66 пайызы болған болса, ал 2008 жылы осы түсімдер 61,6 млрд. теңге немесе 74 пайыз болды. Қызылорда облысы бойынша Салық департаменті әкімшілік материалдар мен есептік деректерді есепке алу, талдау жұмыстарын тиісті дәрежеде жүргізбеген. Салық тексерулерінің нәтижесі төмен. Мәселен, 2007 жылғы салық тексерулерінің нәтижесі бойынша бюджетке қосымша есептелген салықтардың 14 пайызы өндірілген, ал 2008 жылы бұл көрсеткіш 6 пайызға дейін төмендеген. Қабылданып жатқан шаралар берешек соманы өндіріп алуды қамтамасыз ете алмай келеді. 2009 жылғы сәуірдің 1-інде берешек сома 1 367 млн. теңгеге жетті. Жалпы ағымдағы жылдың 3 айы ішінде ол 61,2 пайызға өскен», делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.
Қызылорда облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті тарапынан тиісті кедендік бақылау болмағандықтан, 254,4 млн. теңге мөлшерінде кедендік төлемдер мен салықтар төленбей қалған, соның ішінде автомобильдерді импорттау кезінде кедендік құн бойынша анық деректер болмағандықтан, бюджет 174,6 млн. теңгеге зиян шеккен. 2007 жылы кедендік құны 48,2 млн. АҚШ долларды құрайтын 35,7 мың дана жеңіл автокөлік құралдары ресімделген. Негізінен пайдаланыста 7 жылдан аса уақытта болған жеңіл автокөлік құралдары импортталған (барлық импорттың 42 пайыз). Әрбір көлік құралының орташа кедендік құны 1 мың АҚШ долларын құраған. Алайда кеден органдарының ақпараты бойынша импортталатын көлік құралдарының орташа статистикалық құны 1,48 мың АҚШ долларын құраған.
Импорттық баж салығынан босату кезінде және жеңілдіктер беру барысында 36,1 млн. теңге көлемінде заң бұзу фактілері анықталды. Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінде Қазақстан Республикасының аумағына бос темір жол вагондарының әкелуіне тиімді бақылаудың болмауына байланысты шамамен 500 млн. теңге көлемінде кедендік төлемдер мен салықтар төленбей қалған.
«Жол картасына» сәйкес Қызылорда облысында жаңадан 10 мың 843 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алайда, кешенді көзқарассыз бұл проблеманы шешу мүмкін емес. Себебі, облыстағы инвестициялық жобалардың басым бөлігі қысқа мерзімді сипатта болып келеді және осы жобалар бойынша тек 4 мың 540 жұмыс орнын ашу көзделген.
Шиелі ауданында орналасқан 13 кенттің ішкі су құбырлары желісі дайын болмағандықтан, құрылысына 632,1 млн. теңге жұмсалған Жиделі топ су құбырын енгізуден күтіліп отырған нәтижеге қол жеткізілмеген. Сөйтіп, аталған елді мекендердің тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілмей қалды.
2007-2008 жылдары 229,8 млн. теңгеге әзірленіп, 21 инвестициялық жобаны іске асыруға арналған жобалау-сметалық құжаттамалар қаржыландыру көлемі қысқарғандықтан керексіз болып қалған.
Қызылорда облыстық Құрылыс басқармасы «СК Энергия» ЖШС-не орындамаған жұмыстары үшін 20,3 млн. теңге ақы төлеген.
«Инфракос» РМК «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы 160,0 млн. теңге көлеміндегі қалдықтарды жою жөніндегі міндеттемелерін жеткілікті дәрежеде орындамаған және «Ұлттық ғарыш агенттігі» мемлекеттік мекемесінің балансынан берілген 11,5 млн. теңге тұратын «my SAP ERP» бағдарламалық қамтамасыз ету өнімін пайдаланбаған.
Есеп комитеті Үкіметке республиканың кедендік шекарасын жылжымалы темір жол құрамдарының өтуіне қатысты ақпаратпен алмасуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйені жасау жөнінде кеден органдарының «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін реттеуді ұсынады. Бақылау объектілеріне жол берілген қаржы тәртіп бұзушылықтарын жоюға ұсыныс берілді.