Қызылорда облысында 107 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 107 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында 107 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті

Өңірде ревакцинация жасау үшін екпе қоры жеткілікті. Атап айтқанда, «QazVac», «SinoVac», «Pfizer», «Спутник Лайт» препараттары қолданылуда.

2021 жылдың қарашасынан басталған ревакцинациядан барлығы 107 595 адам өтті. Басым көпшілігі - облыс орталығының үлесінде. Ал аудандар бойынша жоғары көрсеткіштер Арал, Қазалы, Жаңақорғанға тиесілі.

«Ревакциналау бойынша медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен күштік құрылым қызметкерлері көш бастап тұр. Сондай-ақ, 60 жастан асқан азаматтардың үлесі жоғары. Студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар арасында да ревакциналау көрсеткіші арта түсті. Облыс көлемінде иммундаудан кейін асқыну жағдайы тіркелген жоқ», - деп мәлім етті облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Еске салсақ, Қызылорда облысында 40 мыңға жуық оқушы Pfizer вакцинасын салдырды.