Қызылорда облысында 11 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында өткен жылдан бастап 11 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл 4 жаңа нысан пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында 11 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр

Сыр өңіріне арнайы сапармен келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен о блыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар мәдени және спорт кешендерінің жұмысын көрді.

Министр мен облыс әкімі ең алдымен «Мұз айдыны» кешенінде балалармен кездесті. Мұнда мұз айдыны және волейбол, баскетболға арналған командалық ойындар залы бар.

Оған қоса жекпе-жек үшін оқу-жаттығу залы қызмет көрсетеді және спорттық билерге арналған хореографиялық сынып қарастырылған.

Қазіргі таңда нысанда 615 адам 7 спорт түрінен жаттығып жүр.

Ал «Тарлан» спорт кешені 2016 жылы ашылған. Аталған нысанда бір мезетте 120 жасөспірім шеберлігін шыңдай алады.

Спорт кешенінде бокс, күрес, таэквондо, ауыр атлетика және жаттығу залдары, демалыс бөлмелері, медициналық кабинет, асхана мен жатақхана бар.

Мұнда 100 бапкер қызмет атқарады. Олар 350-ден астам шәкіртке тәлім береді.

Бүгінге дейін спорт кешені қабырғасында 20 ҚР спорт шебері, 78 ҚР спорт шеберіне үміткер дайындалған.

Спорт кешені алаңында Нұрлыбек Нәлібаев пен Дәурен Абаев жас спортшылармен кездесіп, олардың спортқа деген ынта-жігерін арттыру бағытындағы шаралар туралы пікірлесті.

Облыс әкімі балалар жылы аясында өңірде демеушілер көмегімен 80 ойын алаңын салу басталғанын жеткізді. Сондай-ақ, Оқушылар үйі де бой көтеретінін тілге тиек етті.

Министр ұлттық спортты, оның ішінде ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында «Ұлы дала жорығы» атты жаңа жоба жарыққа шыққанын атап өтті.

Бұл орайда 1200 шақырымдық марафон-бәйгеге белсенділік танытып, жанкүйер болуға шақырды.

Марафон елордадан бастап Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтиды.

Әрі қарай министр облыстық музейге барып, Сыр еліндегі құнды жәдігерлермен танысты.

Ғимаратта 11 көрме залы бар, мұнда аймақ тарихы көне дәуірден бастап қазіргі заманға дейін көрсетілген. Музейде 62 мыңнан аса жәдігер сақтаулы.

Дәурен Абаев Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында облыс тұрғындарымен кездесуге барып, азаматтармен жеке қабылдау өткізді. Өзекті сауалдарға жауап берді.

Еске салайық, Қызылорда облысында өткен жылдан бастап 11 спорт нысандарының құрылысы жүріп жатыр.

Сонымен бірге, биыл 4 жаңа нысан пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Олардың қатарында Қазалы ауданының Үрмәш Түктібаев ауылы, Жаңақорған ауданының Ақжол ауылы, Шиелі ауданындағы Шиелі кентінде және Сырдария ауданының Бесарық ауылындағы спорт кешендері бар.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысының әкімі еңбектен береке тапқан үлгілі отбасылармен кездескенін хабарлаған едік.