Қызылорда облысында 25 индустриялық жоба іске асырылуда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 25 индустриялық-инновациялық жоба іске асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 25 жоба жүзеге асырылуда, бүгінде оның 7-і іске қосылды. Олар - «РМЗ-Шапағат» серіктестігінің үй құрылыс комбинаты, «Жан Арай жем» серіктестігінің құрама жем зауыты, «АралТұз» акционерлік қоғамының 2 жаңа испан цехы, Арал ауданындағы қаптама кірпіш және асфальтбетон зауыттары», - деді облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.

Былтыр құрылыс индустриясы саласы бойынша 2 өндіріс орны іске қосылды. Жаңақорған ауданындағы қуаттылығы 75 мың тонналық әк зауытының өнімі облыс ішінде ғана емес, өзге өңірлерге де жеткізіледі.

Сондай-ақ, өткен жылы мерзімінен бұрын облыстағы алғашқы цемент зауыты ашылды. Кәсіпорын цемент өндіруде негізгі компонент болатын 11 мың тоннадан астам клинкер шығарады. Зауыт өнімі құрылыс индустриясында кеңінен қолданылып қоймай, мұнай-газ, атом өнеркәсібі саласында да пайдаланылады.

Өңірімізде басқа да ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Бұдан бұрын Қызылордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты артқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар