Қызылорда облысында ауылдарды интернетпен қамту 80% пайызға жеткізіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биылғы жылдың соңына дейін елді мекендерді интернетпен қамту 80 пайызға жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында ауылдарды интернетпен қамту 80% пайызға жеткізіледі

Облыста аталған бағытта нақты жұмыстар атқарылып келеді. 23 ауылдық елді мекенде ұялы байланыс операторларының базалық станциясын салу жоспарлануда. Осылайша жыл соңына қарай ауылдық жерлерді интернет желісімен қамту 80 пайызға жеткізіледі.

«Бұл, ауыл тұрғындарының электрондық мемлекеттік қызметтерге, онлайн-саудаға, түрлі білім платформаларына, медициналық қызметтерге және өзгесіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Өңірдегі 14 елді мекенге интернет желісінің жылдамдығын арттыру үшін талшықты-оптикалық кабель апарылды. Сондай-ақ, 70 елді мекеннің 23-інде антенна-діңгек құрылысын салу жоспарлануда», - деп мәлім етті Қызылорда облысы әкімдігінен.

Қазіргі таңда провайдерлік компаниялардың өкілдері интернетті қамтамасыз етуге барынша күш салуда. Сондай-ақ, ұялы байланыс компаниялары қолда бар 2G радиорелейкаларын 3G-ге жаңғыртуға мән беріп отыр. Сондай-ақ, олардың тарапынан қолданыстағы базалық станцияларын басқа да компанияларға қосу жұмыстары атқарылуда. Нәтижесінде 2021 жылы 47 ауылдық елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету бойынша мәселе шешімін табады.

Қызылорда қаласына іргелес жатқан «Сабалақ», «Ягодка» және ПМК-29 саяжайларына антенна орнату үшін құжаттар дайындалуда. Ал облыс орталығындағы «Бәйтерек» шағынауданына 2021 жылы 2 станция орнатылады.