Қызылорда облысында биыл 14 мектеп салынып, 5 аудан газбен қамтылды

Осы бағдарлама аясында Қызылорда облысында биыл бірқатар ірі жоба жүзеге асты. Әлеуметтік нысандарды айтпағанда өңірде биыл бес бірдей аудан табиғи газбен қаматамасыз етіліп отыр.
Қызылордаға көгілдір отын жеткізу жұмыстары басталғанына он жылдан асты. Жердің асты қазба байлыққа толы. Бірақ ілеспе газ сан жылдар бойы құр далаға жағылып келді. 2004 жылдары кеніштердегі ауаға жағылып жатқан көгілдір отын тоқтатылып, облыс орталығына газ тарту жұмыстары басталды. Қазіргі таңда облыс орталығының 92 пайызы көгілдір отынға қосылған. Қаланы толықтай газдандыру бағытында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мамандардың болжамы бойынша, Қызылорда облысында мұнай және газ қоры, игерілген көмірсутекті кен орындары арқылы шаһардың қажеттіліктерін шамамен алғанда 30 жыл бойына өтеуге мүмкіндігі бар екен. Сондықтан, өткен жылдан бастап облыс аумағы көгілдір отынмен Батыс Қазақстаннан келетін «Бейнеу - Шымкент» газ магистралі арқылы қамтамасыз ету жұмыстары басталды.
Жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағынан өтеді. Соның 846 шақырымы Қызылорда облысының аумағынанда. Жалпы, Сыр өңіріндегі барлық елді мекендердің 85 пайызы осы «Бейнеу-Бозой» газ магистралінің бойында орналасқандықтан газдандыру мәселесі таяу уақытта оң шешімін табады деуге негіз бар. Облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес, аталған компания аймақты газдандыру ісіне 23 млрд. теңге көлемінде инвестиция салып отыр. Бұл қомақты қаражатқа аймағымыздағы 4 аудан орталықтарына, атап айтқанда Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері мен Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен кварталішілік газ құбырларын салу жұмыстарын жүргізу келісілген.
Өткен жылдың соңында Төретам кентінен 14 шақырым жерде «Байқоңыр» АГРС құрылысының іргетасы қаланып, құбыр тарту жұмыстары басталып кетті. Дәл мұндай жұмыстар жылдың басында төрт бірдей аудан орталығында басталды. Айта кетейік, газдың бағасының арзандығы жөнінен Қызылорда облысы Атырау, Ақтөбе, Ақтаудан кейін төртінші орында. Мәселен, Қызылордада газдың 1 текше метрі - 12, 689 теңгені құрайды.
Биыл сондай-ақ, өңірде 14 жаңа мектеп пен 2 балабақша пайдалануға берілді. Жалпы, ағымдағы білім беру саласына облыс бюджетінің 35 пайызы, нақты айтсақ 66 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Үш жыл ішінде білім беру саласының бюджеті 24 миллиард теңгеге артып отыр. Қызылорда облысы бюджеті шығындардың 60 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталады. Әлеуметтік шығындардың үлесі бойынша Қызылорда облысы республика бойынша бірінші орында тұр. Бұл - болашаққа бағышталған ең маңызды инвестиция.
Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің күшін біріктіріп, ынтымақтаса жұмыс істеудің арқасында өткен жылы жалпы саны 103 жаңа балабақша, соның ішінде 77 жеке балабақша ашылды. Биылғы жылы тағы 61 балабақша ашылды. Соның арқасында «Балапан» бағдарламасы бойынша балалар балабақшамен 100 пайыз қамтылып, Елбасының бұл тапсырмасы Сыр елінде мерзімінен ерте орындалды. Енді бір және үш жас арасындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды көтеру міндеті тұр. Үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесін түпкілікті шешілді. Үш ауысымда оқитын мектеп Қызылорда облысында жоқ. Екі жылдың ішінде апатты жағдайдағы 34 мектептің 22-сі қайта салынды, қалған 12 мектептің құрылысын ыңғайына қарай, 2016 жылы салу жоспарланған. Жалпы 2015 жылдың аяғына дейін облыс аумағында мемлекет есебінен 19 жаңа мектеп пен 3 балабақшаның құрылысы аяқталады.
Биылғы 1 қыркүйекте 14 жаңа мектеп пен 2 балабақша іске қосылды. Жаңа оқу жылында Қызылордалық мектептердің саны 292-ден 300-ге дейін артып, ондағы оқитын бала саны былтырғы 128 мыңнан 134 мыңға дейін көбейді.