Қызылорда облысында биыл 28 нысанның құрылысы жүргізілуде
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл 28 нысанның құрылысы жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде пандемия шектеулеріне қарамастан соңғы 2 жылда жергілікті тұрғындарға 1984 баспана берілді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар пәтерлі болды. Биыл 1222 пәтер ел игілігіне айналады деп күтілуде.
«Биыл өңірде 28 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 21 нысанның құрылысы өткен жылдан өтпелі болса, 7-і жаңадан салынады. Атап айтқанда, биыл 13 білім беру, 7 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Одан бөлек 3 мәдениет нысаны мен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 ғимарат салу басталады. Оған қоса спорт және қоғамдық тәртіп салаларында бір-бір нысан ел игілігіне айналады», - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов.
Жыл ішінде Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен Шиелі ауданында 372 пәтерлік 10 арендалық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, облыс орталығында 580 пәтерлік 12 кредиттік тұрғын үй мен 270 пәтерлік 7 жеке коммерциялық құрылыс салушылардың есебінен тұрғын үй салынады.
Бүгінде 55 әлеуметтік нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Стратегиялық жоспарлау бағытында Жаңақорған кентіндегі «Саяжай-1» мөлтек ауданында 300 гектар және Байқоңыр қаласында 430 гектар аумағында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленді.
«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында барлығы 13 нысан салынады.
Еске салсақ, Қызылордада «Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл» жобасы жүзеге асырылуда.