Қызылорда облысында былтыр 1 триллион теңгенің өнімі өндірілді

ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 7-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда облысында 2008 жылы 1 триллион теңгенің өнімі өндірілді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы белгілеген басымдылықтарды іске асыру мақсатында облыста бірқатар шаралар кешені қабылданды. 2008 жылдың қазан айында өткен облыстың актив мәжілісінде Елбасы берген тапсырмаларды жүзеге асырудың мәселелері талқыланды. Облыс әкімдігі, "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы, "Атамекен" одағы" Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының облыстық филиалы және облыстық кәсіподақтар кеңесі арасында аймақта дағдарыс құбылыстарының алдын алуға байланысты төрт жақты меморандумға қол қойылды. Осы мәжілісте облыстың әлеуметтік игілігін және экономикасын түрлендіру жөніндегі алғашқы кезектегі шаралар жоспары қабылданып, облыс әкімі төрағалық жасайтын тұрақтандыру бағытындағы басым бағыттарды жүзеге асыру жөніндегі Үйлестіру кеңесі құрылып, оның құрамы бекітілді. Экономиканы тұрақтандыру бағытында дер кезінде қабылданған шаралар өз жемісін берді. Өткен жылдың 11 айында облысымыздың инвестициялық саясаты бойынша негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 131 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл 2007 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, аталған көрсеткіштің 73,7 пайызға өскенін айғақтайды. Мұның өзі аймағымыздың инвесторлар үшін тартымды екенін көрсетеді. 2008 жылы облыста тұңғыш рет өнеркәсіп кәсіпорындары өндірген өнім көлемі 1 трлн. теңгеге жуықтады. Әсіресе, облыстың атқарушы билігінің тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандыру бағытындағы іс-қимылы жемісті болғанын атап өту маңызды. Облыста өткен жылдың соңғы тоқсанында инфляцияны тежеу бағытында орасан зор жұмыс көлемі атқарылды. Азық түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатындағы шаралар оңды нәтижеге жетуге мүмкіндік берді. Жылдық инфляция деңгейін айқындайтын бұл цифрлардан не аңғаруға болады? Жалпы, инфляцияның азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар және ақылы қызметтердің жиынтығынан құрылатынын ескерсек, Қызылорда облысы тұтыну рыногындағы бағаларды тұрақтандыру бағытында Қазақстан бойынша Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды облыстарынан кейін Алматы облысымен бірге алғашқы бесінші-алтыншы орындарды бөлісуде. Мемлекет басшысы 2008 жылдың қазанның 13-індегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында: "Үкіметте экономиканы осы жағдайдан неғұрлым жетілген күшті шығаруға зор мүмкіндік бар. Біз дағдарысты кезеңнің өзінде де экономика үшін пайда алуға үйренуіміз тиіс. Бұл экономикалық дамудың сапасын арттыруды болжайды... Әлемдік дағдарыстың зардабын игеру Қазақстан үшін - бұл Үкіметтің 2009-2010 жылдарға арналған жұмысының негізгі күн тәртібі" деп атап көрсеткен болатын. Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының бір бағыты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Облыста су тапшылығына қарамастан 61,7 мың гектар жерге күріш егіліп, әрбір гектардан 41,2 центнерден өнім жиналуы, аймақта тұңғыш рет күріш жәрмеңкесінің өткізіліп, оған 12 облыс өкілдерінің қатысуы, жәрмеңке қорытындысы бойынша Сыр күрішін Қазақстанның басқа өңірлеріне жеткізу жөнінде меморандумға қол қойылуы, облыс орталығында азық-түлік жәрмеңкелерінің тұрақты өткізілуі, жалпы алғанда, тұтыну рыногындағы бағаны тұрақтандырып қоймай, Елбасының жергілікті билік алдында қойған міндеттердің орындалуының айқын көрінісі болып табылады. Облыста көкөніс өнімдерін сақтау, "Оңтүстік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" арқылы "Алтын қамба" ЖШС базасында қолға алу көзделіп отырған астық өңдейтін кешен құрылысын салу және қайта жаңғырту инвестициялық жобалары аймақта шешуін күткен көптеген әлеуметтік түйіндерді тарқатуға мүмкіндік береді. Облыс макроэкономиканың барлық буыны бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Еңбек рыногында жұмыспен қамтылғандар саны тұрақты өсуімен сипатталады. Өткен жылдың қараша айында экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың ішінде тіркелген жұмыссыздардың үлесі 0,8 пайызды құрады. Жұмыссыздарды жұмыспен қамту жергілікті атқарушы биліктің назарындағы басты мәселе. Қазіргі басты міндет оның деңгейін өсірмеу болып табылады. Өткен жылдың 11 ай ішінде жұмыспен қамту органдарына хабарласқан 11269 адамның 10695-і жұмысқа орналастырылды. Әлемдік дағдарысқа байланысты жұмысшыларды қысқартудың ықтимал жағдайы орын алған жағдайда оның зардабын барынша жеңілдетудің мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылуда. Осы мақсатта жұмыстан босағандарды жұмыспен қамтуға ықпал жасау үшін 2009 жылы әлеуметтік саладағы жаңа нысандарға бөлінген трансферттер аудандарға жіберілетін болады. 2009 жылы әлеуметтік салада тек қана бюджет есебінен 1,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Мемлекет басшысы өткен жылдың қараша айында ұлттық инвесторлардың кеңесінде сөйлеген сөзінде бүгінгі таңда экономика мен қоғам алдында тұрған қатерлерді дұрыс қабылдай білу, барлық күш-жігер жұмыс орындары мен азаматтардың табыстарын сақтау үшін жұмсалуы қажет екенін, дағдарыстың соңынан өсу болатынын айрықша атап өткен болатын. Елбасы жүктеген нақты міндеттерді жүзеге асыру барысында облыста атқарылып жатқан шаралар кешені, оның жемісті нәтижелері үмітке жетелейді.
Соңғы жаңалықтар