Қызылорда облысында екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 71,9 пайызы вакцина салдырды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 288 029 адам алды. Бұл екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 71,9 пайызын құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 71,9 пайызы вакцина салдырды

Биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап өңірге барлығы 583 635 доза вакцина жеткізілді. Олардың 30 060-ы «QazVac-in», 64 600-і «Hayatvax», 443 975-і «Спутник - V», 23 000-ы «SinoPharm», 22 000-ы - «CoronaVac» вакцинасы.

«Қазіргі таңда облыс бойынша 20 медициналық мекемеде (соның ішінде қала бойынша 11, аудандар бойынша 9) коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары үзіліссіз жүргізілуде.

Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 13 қыркүйегі аралығында облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияның 1 компонентімен егілгендер саны - 288 029 адамды құрады. Бұл -екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 71,9 пайызы. Ал 2 компонентімен егілгендер саны - 239 397 адам, ол 59,7 пайызды шамалап отыр», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жалғасбек Үсенов.

Ведомство мәліметінше, бірінші компонентпен егілгендер арасында медицина қызметкерлері - 41 568, педагогтар - 39 852, күш құрылымдарының қызметкерлері - 4 800, учаскелік полиция қызметкерлері - 1 509, мемлекеттік қызметшілер -7 285, созылмалы аурулары бар адамдар - 40 194, студенттер - 15 867, басқа контингенттер - 137 808 адамға жетті. Егілгендер арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.

Еске салсақ, Қызылорда облысында мұғалімдердің 95%-ы коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.