Қызылорда облысында электр энергиясына байланысты шектеу тоқтатылады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында электр энергиясына байланысты шектеу тоқтатылады, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.
None
None

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова энергетика саласындағы өзекті мәселелер бойынша отырыс өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев, тиісті басқарма және департамент, энергетика саласындағы мекеме мамандары қатысты. Отырыс барысында қарашадан басталған республиканың оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясының жетіспеушілігі сараланды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаевтың мәліметінше, бүгінгі күні өңірдің жалпы электр энергиясын тұтыну көлемі 172 мегават. Оның 51 мегаваты «Қызылордажылуэлектр орталығынан» алынса, 10 мегаватын «CKЗ-U» серіктестігі өндіреді. Қалған 111 мегават сырттан жеткізіледі. Соңғы күндері облыс бойынша тәулігіне орташа есеппен 30-50 мегават аралығында электр энергиясының жетіспеушілігі көрініс берді. Салдарынан өңірдегі кейбір елді мекендерде күнделікті кешкі сағат 6-дан 8-ге дейін тұтынушыларға электр энергиясы шектелді.

Осыған байланысты Энергетика министрлігі Жамбыл ГРЭС-тің 3 және 4 блогын іске қосуға шешім қабылдады. Алдағы уақытта оңтүстік өңірді, оның ішінде Қызылорда облысын электр энергиясымен толықтай қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл ретте аймақтағы энергиямен жабдықтаушы ұйымдар Жамбыл ГРЭС-пен қажетті электр энергияның көлемін алуға қосымша келісімшарт жасалды. Нәтижесінде қала, аудан көлемінде электр энергиясын шектеу тоқтатылады.

Аймақ басшысы энергия жабдықтаушы ұйымдар ұсынған электр энергияның шекті бағасына өтінімін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті арқылы таразылап, тиісті ұсыныстар енгізу қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ, электр энергиясы туралы тұрғындар арасында туындаған шағымдарды ескеріп, нақты түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Тұрғындар электр энергиясынан тапшылық көрмеуі керек. Қажетті келісімдер мен нақты механизмдерді қабылдау - сіздердің міндеттеріңіз. Жетіспеушілік болған жағдайда электр тарату мекемелеріндегі резервтік ресурстарды пайдаланып, амал-әрекеттерді ұйымдастыруларыңыз қажет», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Еске салсақ, Қызылордада тіректі елді мекендерді газға қосу қарқынды жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар