Қызылорда облысында инфекциялық және реанимациялық орындар көбейтілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында маусым-шілде айларында инфекциялық орын 585-тен 2 340-қа, реанимациялық орын 90-нан 172-ге дейін көбейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында инфекциялық және реанимациялық орындар көбейтілді

Өткен жылдан бері Қызылорда облысында 13 826 адам індет жұқтырды. Қазірге дейін 80 пайызы жазылды. Ал пневмониямен сырқаттанған 1 950 науқастың 1 670-і (85,6%) емделіп шықты.

Биылғы жылдың маусым-шілде айларында инфекциялық орын 585-тен 2 340-қа, реанимациялық төсек орын 90-нан 172-ге дейін көбейтілді. Қазіргі таңда 1 860 инфекциялық орын науқастарды қабылдауда. Оның ішінде реанимациялық төсек орын 157. Қазір жүктеме 65 пайызға жеткен. Резерв орын санын қосқанда 3 200 орын әзірленді. Оның 518-і орталықтандырылған оттегімен жабдықталған.

«Өткен жылы құрылысы басталған модульдік стационар жақында іске қосылып, 10 тамыздан бастап науқастарды қабылдауда. Режимді түрде 6 оттегі шығару станциясы (оның 2-і 2020 жылы көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруханаларында іске қосылды) жұмыс істеп тұр. Дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан. Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жұмыстарына қажетті медициналық кадрлар мен құрал жабдықтар жеткілікті», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.

Өңірде 11 ПТР аппараты іске қосылған. Тәулігіне 1 300-1 500 аралығында сынама алынады. Қажеттілік туындағанда зерттеу санын 3 500-ге дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

Еске салсақ, Қызылорда облысында Қызылорда облысында 16 күн ішінде 3 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды.