Қызылорда облысында карантин талабын бұзудың 459 фактісі тіркелді

Айта кетейік, мониторингілік топ мүшелерінің қатысуымен жыл басынан бері 12 441 нысанға рейдтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде карантин талабын бұзудың 459 фактісі анықталды.
«Анықталған жағдайлардың басым бөлігі Қызылорда қаласында тіркелген. Атап айтқанда, облыс орталығында топ мүшелері карантин талабын бұзудың 118 дерегін анықтаса, ол аудандар бойынша Аралда - 56, Қазалыда - 66, Қармақшыда - 60, Жалағашта - 37, Сырдарияда - 44, Шиеліде - 33, Жаңақорғанда - 45 оқиғаны құрайды. Анықталған бұзушылықтар бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабына сәйкес барлығы 335 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды», - деп мәлім етті облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Сондай-ақ, Қызылорда облысында «Ashyq» жүйесі 2021 жылдың 26 сәуірінен бастап енгізілді. Бүгінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен «Ashyq» жүйесі арқылы анықталған «қызыл» мәртебесі бар бірқатар тұлғаға оқшаулану режимін бұзғандығы үшін әкімшілік айыппұл салынды. Олар қоғамдық тамақтану орындарына, халыққа қызмет көрсету орталығына, Қорқыт ата атындағы әуежай мен теміржол вокзалына кіру кезінде анықталған.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Ashyq» жүйесі арқылы анықталған «қызыл» мәртебесі бар азаматтар тізімін жариялады. Олардың қатарында облыс орталығы тұрғындарының саны басым.