Қызылорда облысында кәсіпкерлік өрістей түсті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында кәсіпкерлік пен өнеркәсіп салаларында өсім байқалып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікте тіркелген тұрғындар саны артты. Олардың басым бөлігі белсенді жұмыс жасап тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын құру мен кірісті ұлғайтудың басты факторы – кәсіпкерлікті дамыту. Биылғы жылдың 10 айында облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлердің саны 22,3%-ға өсіп, 69 415-ке жетті. Нәтижесінде, жұмыс жасап тұрған белсенді кәсіпкерлердің саны – 64 358 болды.
Тіркелген кәсіпкерлер санының өсу қарқыны бойынша облыс республикада 4-орында болса, белсенді кәсіпкерлердің өсу қарқыны негізінде үздік бестікте келеді.

Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 20 млрд теңгеден астам қаражат тартылды. Оның ішінде Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 9,5 млрд теңге, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына 2,9 млрд теңге қарастырылды.
Кейінгі жылдарда аймақта өнім өндірумен айналысатын кәсіпорындар қатары да көбейді. Солардың бірі – «Тұран Металл» ЖШС күнделікті тұрмыстық тұтынымға және құрылыста қажетті бұйымдар шығарады. Ол 2021 жылы Қызылорда қаласында құрылды. Зауыттың жалпы аумағы — 700 шаршы метр, онда өндірістік және әкімшілік корпустары, металдарды өңдеу және дайын өнім қоймалары орналасқан. 6 адам еңбек етеді. Зауыт өнімдері облыс көлемінде жоғары сұранысқа ие. Зауытта күніне 10-15 тонна жоғары сапалы профильдер: ГКЛ бекітуге арналған (барлық өлшемдері), ПВХ бекітуге арналған (барлық өлшемдер) және оған қосымша бөлшектер (краб, директорат, бұрыш профильдері) және де басқа да өнімдер шығарылмақ. Зауыт құрылысына түркиялық инвесторлар қаражат салғалы отыр.
«Біз ұсынған барлық өнімдерді өндіруде тек сапалы металл қолданылады. Бұл ретте металл бұйымның барлық нормалары мен талаптары сақталады. Біз әрбір клиентіміздің тілектерін тыңдауға және ескеруге дайынбыз», - дейді серіктестік өкілі Жандос Сағынышов.
Жыл басынан бері 3 423 кәсіпкерлік бастама гранттармен қаржыландырылып, 1 939 жоба банктер мен қаржы институттары арқылы 28,3 млрд теңгеге несиелендірілді. Қазірдің өзінде «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы шағын кәсіпкерлердің 159 жобасына 965,5 млн теңге шағын несие беруді мақұлдады. Сондай-ақ, биыл қаңтар оқиғасынан зардап шеккен 21 кәсіпкерлік субъектісінің қызметін қайта қалпына келтіру жүргізілді.

Биыл «Алтын сапа» және «Парыз» республикалық конкурсында қызылордалық кәсіпорындар да үздіктер қатарынан көрінді. Аталған байқауға Қызылорда облысынан 33 кәсіпорын өтінім берген еді.
Конкурс нәтижесінде «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясымен қызылордалық «Жаңажол» ЖШС марапатталды. Орынбасар Төлепов басшылық ететін кәсіпорынның негізгі бағыттары – күріш өсіру және ішінара мал шаруашылығы. Кейінгі 20 жылдан бері күріштің өнімділігі тұрақты болып, облыста алдыңғы қатардағы шаруашылықтың біріне айналды. Бүгінде шаруашылықта 400-ден астам адам еңбекпен қамтылған.
Ал, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Торғай-Петролеум» АҚ лауреат атанды. Облыс экономикасына елеулі үлес қосып, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, еңбек жағдайын жақсартуда орнықты жұмыстармен алдыңғы қатардан көрініп келеді. Шикі мұнай мен ілеспе газды өндірумен айналысатын кәсіпорында 458 адам жұмыс істейді.
Тағы бір қызылордалық кәсіпорын – «Номад Солар» ЖШС «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясын иеленді. Бұл кәсіпорын жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндірумен айналысады. Қуаттылығы 28 МВт күн электр станциясы – облыстағы ең ірі станциялардың бірі.
Айта кетейік, республикалық конкурсқа Қызылорда өңірінің кәсіпорындары 2008 жылдан бері белсенді түрді қатысып келеді.

Өнеркәсіп саласының 70%-дан астамы тау-кен секторына тиесілі. Кейінгі 8 жыл ішінде өңір үшін үлкен проблема – мұнай өндіру көлемінің қысқаруы. Ол жыл сайын 10-12%-ға азайып отыр. Жалпы алғанда, 2013 жылдан бастап өңірде мұнай өндіру көлемі шамамен 60%-ға қысқарды (2013 ж. - 10,5 млн тонна, 2021 ж. - 4,2 млн тонна). Биыл мұнай өндіру көлемі 700 мың тоннаға төмендеп, 3,5 млн тонна болды. Осыған орай, мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты 10 айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,3%-ға кеміді (854 млрд теңге).
«Дегенмен, мұнай қорын толықтыру мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Шу-Сарысу, Сырдария және Арал бассейндерінде зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Өнеркәсіп саласы төмендеуіне қарамастан, өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалады. Биылдың 10 айында өңдеу саласында 194 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсімі 8,3% болды. Айта кету керек, өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша облыс алғашқы бестікке енді. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібін дамытудағы басты жаңалық – шыны зауытының іске қосылып, қазан айынан бастап өнім өндіруі. Бүгінгі күннің өзінде 17 мың тоннаға жуық шыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді. Алдағы уақытта Өзбекстанға экспорттау көзделіп отыр», - деп атап өтті облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан.
Атап өтейік, зауытты іске қосу арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың белдеуін дамытып, 8 ілеспе кәсіпорын құруға жұмыс жүргізіледі.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл құны 4 млрд теңге болатын 5 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Бүгінде оның 3 жобасы іске қосылды. Жалпы алғанда, Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында облыста құны 613 млрд теңге болатын 6,8 мың жұмыс орнын құруға бағытталған 37 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Биыл облысқа 373,5 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Бекітілген жоспарға қол жеткізу үшін қала/аудан әкімдіктеріне меже бекітілді. 10 айда өңірге 290,9 млрд теңге инвестиция тартылып, жоспар 77,8%-ға орындалды.
Көрсеткіш өсімі, жоспардың орындалуы бойынша өңір республикада бірінші орында тұр.