Қызылорда облысында «Колониядағы еңбекпен қамту» жобасы сәтті жүргізілуде

«Сотталғандар үшін қосымша жұмыс көздерін ашуда облыстық әкімдік жанындағы кеңес беру, ақылдасу органы үлкен рөл атқарады. Олар облыстық құқық қорғау, кәсіпкерлер палатасы және бизнес құрылымдары өкілдері мен сотталушылар арасында ЗК-169/5 қатаң режимдегі түрмеде кездесу ұйымдастырды. Сол басқосуда сотталғандар үшін қосымша жұмыс көздерін ашу мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова кәсіпкерлік және туризм басқармасына кәсіп ашамын деушілерге қолдау көрсетуді тапсырды», - дейді қылмыстық-түзеу жүйесі облыс бойынша департаментінің басшысы Ғанибек Отарбаев.
Қазіргі уақытта қатаң режимдегі колонияда арнайы киім тігетін және жиһаздар жасайтын цехтар жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар темірден түрлі қажетті заттар жасалады. Мұнда барлығы 240 сотталушы еңбекпен қамтылған. Айта кетейік, «Колониядағы жұмыспен қамту-2017» жобасы басқа да жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. «Бұл үшін колония аумағында газдандыру мәселесі шешілуі керек. Сондай-ақ, алдағы уақытта кірпіш күйдіретін және ағаш өңдейтін цехтар ашу ойымызда бар»,-дейді Ғ. Отарбаев.