Қызылорда облысында коммуналдық қызмет құны талқыланды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Коммуналдық қызметтердің бағасы негізсіз өспейді. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді, - деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

- Жасыратыны жоқ, электр энергиясының басым бөлігін біз өзге өңірлерден аламыз. Жыл басталысымен олар бағаны көтерді. Сондықтан тариф бағасының өсуіне әкеп отыр. Ал біз керісінше, мүмкіндіктерге қарап, жылу бағасын арзандаттық. Тарифтердің бағасын негізсіз өсіру қатаң бақылауда болады, - деді облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның жылуға тарифі 3,6 пайызға төмендетілді. Нәтижесінде жылуға төлемақы тұрғындар үшін 1 шаршы метрге 82,03 теңгені құрап отыр.

Электр қуаты құнының кө­терілуі­не "КЕGOG" АҚ былтыр тарифін 50 пайызға қымбат­татқаны да себепші болып отыр. Осыған байланысты электр тарату компаниялары бағаны көтеру жөнінде ұсыныс білдірді

- Департаментте ұсынылған хабарламаларға сараптама жүргізілудің нәтижесінде электр энергиясына орташа босату тарифтері жобада ұсыныл­ған 10,7 пайыздан 15,31 пайыздың орнына, 2015 жылдың 10 қаңтарынан бастап 7,2 пайыздан 8,9 пайызға дейін көтеріледі, - дейді ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Н.Пірімов.

Сонымен қатар, су мекемелерін жаңғыртып, инвестициялық тартымдылығын қалыптастыру аясында Қазақстан Республикасында суға тарифтерді белгілеудің жаңа тетіктерін енгізу жөніндегі 2013-2015 жылдарға арналған Кешенді жоспары қабылданды. Осыған байланысты ағымдағы жылы облыста сумен жабдықтау ұйымдарының тарифтерін көтеру болжануда. Дегенмен, судың бағасына келгенде қызылордалықтарға ауыртпалық тимейді. Қызылорда облысы биыл 1,9 миллиард теңге субсидия алды. Бұл республика бойынша ең үлкен көрсеткіш. Яғни, су бағасы қанша қымбаттағанымен қарапайым халық бұрынғысынша 40 теңгені ғана төлейді. Ал кәсіпкерлер нарықтағы бағамен есептеседі.

Газдың бағасы республикалық деңгеймен салыстырғанда анағұрлым төмен. Көгілдір отынның тарифі өспейді. Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасында жасалған меморандумға сәйкес, барлығы 23 млрд. теңгеге 4 аудан орталықтарына (Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері) және Байқоңыр қаласына автоматтандырылған газ тарату стансаларының құрылысы мен кварталішілік газ құбырларының құрылысын салу келісілген. Бүгінгі таңда, 5 елді мекен бойынша жоба-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталып, жыл соңына дейін аяқталады. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда облыстың 58 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.

Жалпы, қызылордалықтар халықаралық қаржы институттарымен байланысын уақыт өткен сайын нығайтып келеді. Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкімен 2 жылдан бері қаланың инфрақұрылымын дамытуға арналған 8 жобаны бірлесе жүзеге асыруға байланысты келісімге келді. Бүгінде соның 6 жобасы бойынша жұмыстар басталып кетті.

Соңғы жаңалықтар
telegram