Қызылорда облысында коронавируске шалдыққандар күн сайын тіркелуде

Биылғы жылдың басынан бері 57дерек тіркелді. Тіркелген жағдайдың басым бөлігінде қарым-қатынас арқылы таралғандығы анықталды.
Соңғы тәулікте, 11 қаңтардағы мәлімет бойынша коронавирус инфекциясының 6 дерегі анықталды. Оның 5-еуі Қызылорда қаласында, 1-еуі Жаңақорған ауданында тіркелді.
«ПТР анализдері 4 науқастан жұмысқа түсу алдындағы профилактикалық мақсаттағы тексеру кезінде алынған. Ал 1 пациент ЖРВИ симптомының болуына байланысты өздігінен медициналық көмекке жүгінгсе, 1 науқастан коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған. Талдау нәтижесі коронавирус инфекциясына оң нәтиже көрсетті. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар медициналық бақылауға алынды. Профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясының 3449 дерегі есепке алынған. Барлық тіркелген жағдайдың 55% симптоммен, 45% клиникалық белгісінсіз анықталған.
Сондай-ақ, жыл басынан бері Қызылордада карантин талабын бұзған 5 нысан иесі жауапқа тартылды.