Қызылорда облысында күріш орағы басталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында күрішке алғаш орақ салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған салтанатты шара Шиелі ауданына қарасты «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабында болды. Онда аймақтағы бірқатар ірі шаруашылық құрылымдарының өкілдері арнайы келді. Оған келушілер облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы даму көрсеткіштері және «Ы.Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің ғылыми жетістіктерімен танысты.

Биыл аймақта барлығы 184,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Егіс көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға артып отыр. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 89,5 мың гектарды құрайды. Егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында облыста алғаш рет перспективалы дақылдар - қант құмайы 70, соя 240, жүгері дақылы 1 667 гектарға дейін жеткізілді. Ал ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы богарлы жерлерге 80 гектар күздік бидай дақылы егілді. Қазір бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталды. Мақсары картоп, көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Олардың орташа өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары.

Биыл мамандар күріштің әр гектарынан жиналатын орташа өнім 50-55 центнер аралығында болады деп болжайды. Қазір күріш танаптарынан су тарту шаралары атқарылуда. Бекітілген кестеге сәйкес 36 мың гектар немесе жалпы күріш егісінің 40,3 пайызының суы тартылды. Еңбекшілер қазан айының ортасына дейін күріш орағын аяқтауды жоспарлап отыр.

Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова су тапшылығын алдын алу мақсатында егін түрлерін әртараптандыру қажет екенін атап өтті.

«Биыл суармалы судың тапшылығы байқалды. Бұл егін шаруашылығында әртараптандыруды шындап іске асыру қажеттілігін айқындап отыр. Осыған қарай, алдағы жылдары ауыспалы егіс жүйесіндегі күріш егісінің көлемін 75-80 мың гектарға тұрақтандырып, мал азықтық дақылдар егісінің көлеміне басымдық берілуі тиіс», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы жиын барысында сала еңбеккерлерімен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, Қызылорданың балық өнімі Еуропаға экспортталады.


Соңғы жаңалықтар
telegram