19:36, 28 Наурыз 2015 | GMT +5
Қызылорда облысында малдың жұқпалы ауруларының алдын алуға 635 млн. теңге бөлінді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биылғы жылы 635,9 млн. теңге қаржыға Қызылорда облысында эпизоотиялық іс-шаралардың алдын алу мақсатында аса қауіпті 15 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ветеринарлық шаралар толық атқарылатын болады. Осы және өзге де мәселелер жөнінде бүгін облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық ветеринария бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов мәлімдеді.

Сонымен қатар, жануарлардың 6 түрлі энзоотиялық ауруларына қарсы дәрі-дәрмекке бюджеттен 148,4 млн. теңге бөлінген.
«Бүгінгі күні барлық аудандар мен Қызылорда қаласына ветеринарлық препараттар тасымалданып, алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Сарып індетіне қарсы 21,5 мың бас іріқара, 22,2 бас уақ мал тексеріліп, 10 бас ауру уақ мал анықталып отыр. Аталған ауру малдар ветеринарлық-санитарлық ережелерге сәйкес сойылуда», - дейді Ерсұлтан Апетов.