15:14, 21 Маусым 2010 | GMT +5
Қызылорда облысында мектеп жасына дейінгі балалардың 40 пайызы ғана балабақшамен қамтамасыз етілген
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Бүгінгі таңда Қызылорда облысында мектеп жасына дейінгі балалардың бар болғаны 40 пайызы ғана балабақшамен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл туралы облыс әкімдігі мәжілісінде облыстық білім басқармасының бастығы Жаңыл Жонтаева мәлімдеді.

Аймақ білім саласының жетекшісі «Балапан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы жасаған хабарламасында бүлдіршіндерді балалар бақшасына тартуда біртіндеп ілгері барушылық жасалып келе жатқанын тілге тиек етті. Ол өз сөзінде 2007-2009 жылдары 123 мектепалды ұйым саны 183-ке дейін өскенін айтты. Соған сәйкес қамтылған бала 9196-дан 15529-ға жеткен.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 198 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Аймақтағы 164 балабақшаның 121-і мемлекеттік, 1-еуі ведомстволық, 42-сі жеке. Мектепке дейінгі мекемелерде 16459 бала тәрбиеленуде.