Қызылорда облысында мұнай ұрылары мемлекетті 11 млрд.-қа жуық теңгеге шығынға батырды

Бұл туралы облыстық құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде айтылды.
Деректер бойынша, 2012 жылы елімізде 79,2 млн. тонна мұнай өндірілсе, оның 30 млн. тоннаға жуығы немесе 38 пайызы Қызылорда облысының еншісіне тиеді. Былтыр облыстың қылмыстық ізге түсу органдары заңсыз мұнай айналымына қатысты 24 қылмысты тіркеді. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 40,5 пайызға төмен. Ол сондай-ақ жалпы тіркелген 10 735 қылмыстың 0,2 пайызын құрайды.
Аталған санаттағы қылмыстармен мемлекетке келген залалдың мөлшері өте үлкен. Атап айтсақ, статистикалық мәліметке сәйкес, былтыр жалпы экономикалық қылмыстар бойынша мемлекетке барлығы 1 млрд. 518 млн. теңге зиян келсе, мұнай өнімінің заңсыз айналымы бойынша және мұнай өнімдеріне қатысты қылмыстармен 10 млрд. 815 млн. теңге залал жасалған. Былайша айтқанда, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымымен келген шығын жалпы экономикалық саладағы қылмыстардың үлесінен 10 есеге артық.