Қызылорда облысында нашақорлық өршіп тұр: Әкімдер қызметтерінен кетуде
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 2012 жылға қарағанда есірткі плантациялары бірнеше есеге артып кеткен. Нақтырақ айтқанда, 15-тен 84-ке көбейіп, 2017 жылдың өзінде облыс аумағында 72 мың түп немесе 50 тонна сора өсімдігі анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облыстық прокуратурасына сілтеме жасап.
Бұл мәселе Қызылорда облысының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды. Онда уәкілетті органдармен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігіне және нашақорлықтың алдын алуда атқарылған жұмыстарға қатысты мәселелер қаралды.
Қызылорда облысының климаттық жағдайы есірткі заттарының жеке түрлерінің айналымына қолайлы. Әсіресе, үнді сорасы аталатын түрі жергілікті жердің ауа райына бейім келеді. Сарапшылар аталған сораның белсенді компоненттерінің өзіндік ерекшеліктері Жамбыл Шу алқабында өсетін сора құрамынан 5 есе артық екенін айтады. Сондықтан аталмыш өнімге сұраныс жоғары болады. Тиісті сала мамандарының айтуынша, аймақта 3,5 мың адам героин тұтынады. Олардың саны жыл сайын 200-ден астам адамға көбейіп отыр.
«Есірткі бизнесі, есірткіні сату мен контрабанда саласындағы, оларды ұйымдастырушылар мен белсенді тасымалдаушыларды анықтауда қылмыстық топтардың жолын кесуде жұмыстарды күшейтуіміз қажет. Осы орайда құқық қорғау органдарының басшылары бағынысты адамдардың қызметіне бақылауды күшейтіп, сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмауы тиіс»,- деді Қызылорда облысының прокуроры Х.Дәуешов уәкілетті орган басшыларына.
Талду және прокурорлық ықпал ету актілерін қарау нәтижесімен 16 полиция қызметкері мен бірқатар ауыл әкімдері жазаға тартылды. Оның ішінде 2-еуі атқарып отырған қызметтерінен босатылды.
Еске салайық, үстіміздегі мамыр айының 24-і күні Парламент Сенатының жалпы отырысында бір топ депутаттар Қызылорда облысында қарасораның таралуына қатысты мәселені көтеріп, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың атына депутаттық сауал жолдаған еді.