Қызылорда облысында шаруалар жем мен шөптің қымбаттығын айтады

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысындағы мал шаруашылығымен айналысатын еңбек адамдары жем мен шөптің бағасы қымбат екенін айтады. Есесіне базарда мал бағасы біршама арзандаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша 1 тамызға дейін өңірде 426,8 мың сиыр, 899,7 мың қой мен ешкі, 224,9 мың жылқы, 63,7 мың түйе және 125,2 мың бас құс тіркелген.

Биыл мал қыстату үшін қолдағы мүмкіндік көздерін ескере отырып, 919 мың тонна шөп, 190,2 мың тонна жем, 152,2 мың тонна сабан, 6 мың тонна сүрлем дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шөптің 230 мың тоннасы жоңышқа болса, қалған бөлігі 689 мың тоннасын шабындықтағы табиғи шөптер мен қамыс ору арқылы қамтамасыз етіледі.

«Биыл жем-шөп бағасы біршама қымбат. Жоңышқаны егіншілер 800-1000 теңгеге сатады. Ал бір келі жемнің бағасы – 90-100 теңге. Ал базарда мал бағасы арзандап кеткен. Былтыр бұзаулы сиыр 300 мың теңге тұрса, қазір 220-250 мың теңгеден аспайды. Бұл төрт түлік өсірумен айналысатын шаруа адамына едәуір салмақ болып тұр.

Мен Қызылорда қаласына қарасты Маханбетов ауылында шаруа қожалығында сиыр, жылқы өсірумен айналысамын. Жердің жұтаң болуына байланысты қыр беткейге көшіп келдік. Соңғы үш-төрт жылдан бері құрғақшылық байқалады. Жауын-шашын аз. Содан бері қыста да ауыл маңындағы қорамызға қайтқан жоқпыз. Биыл да көктемде жауын-шашын аз жауды. Алдымызда қыс келе жатыр. Мал күйі болсын деген ниетпен несие алуға мәжбүрміз. Шамамыз келгенше шөп жинап жатырмыз. Әзірге жем алуға жағдай жоқ», - деді «Нұр Береке М» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Ақмырзаев.

Басқарма мәліметі бойынша, қазірге дейін облыс бойынша 769,4 мың тонна шөп жиналды. Нәтижесінде жоспардың 83,7%-ы орындалды. Одан бөлек 61,4 мың тонна жем дайындалды, бұл – қажеттіліктің 32,3%-ы .

Еске салсақ, қызылордалық жастарға кәсіпкерлікті дамыту үшін 70 млн теңге беріледі.


Соңғы жаңалықтар