Қызылорда облысында шыны зауытының құрылысы биыл аяқталады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында шыны зауытының құрылысы биыл аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында шыны зауытының құрылысы биыл аяқталады

Өңірде индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 543 млрд. теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Былтыр 5 жоба іске қосылды. 10 жоба құрылыс индустриясы саласына бағытталған.
«Ірі стратегиялық жобамыздың бірі – шыны зауытының құрылысы биыл аяқталады. Кәсіпорынның аясында бірнеше ілеспе кәсіпорындар құру бойынша жұмыстар басталды. Қазір 2 ілеспе жоба - шыны талшықтары мен композиттік материалдар және айна өндірісі бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс индустриясы саласында алдағы уақытта керамзит, арматура, 2 асфальтбетон шығаратын зауыттары ашылып, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех кеңейтіледі», - деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.
Өңірдің ерекшелігіне сәйкес 46 жобаның ішінде агроөнеркәсіп саласындағы жобалардың 26-ның үлесі басым. Оның ішінде, 3 жоба былтырғы жылы іске қосылды. Олар Арал ауданында екі балық өңдеу цехы, Жалағаш ауданында тыңайтқыштар шығаратын «Агрохим Сервис» серіктестігі. Биыл осы салада тағы 2 жоба іске қосылмақ.