Қызылорда облысында соңғы бес жылда сәбилердің өлім-жітімі 23 пайызға төмендеді

ҚЫЗЫЛОРДА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында соңғы бес жылда сәбилердің өлім-жітімі 23 пайызға төмендеді.
None
None

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Серік Игембаев бұқаралық ақпарат құралда­рымен өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Жалпы Қызылода облысындағы өткен жылғы медициналық-демографиялық жағдай оң бағалануда. Халықтың орташа таби­ғи өсімі 21,65 пайыз (республикада бұл көр­сеткіш 13,94 пайыз) деңгейінде, туу көрсеткіші - 28,36 пайыз (республикада 22,76) және өлім-жітім 5,4 пайызды (республикада 8,82) құрады. Сондай-ақ, ай­мақ­тың бас дәрігері ана өлімі көрсеткі­шінің 100 мың тірі туылған нәрестеге шаққанда бес жылда 70 пайызға төмен­дегенін айтты. Есепті мерзімде үш ана өлімі орын алды. Сәбилердің өлім-жітімі соңғы 5 жылда 23 пайызға төмендеді. Бұл нәтижелердің барлығына салада мемлекеттік бағдарламалар негізінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыс­тар­дың арқасында қол жеткізіліп отыр.

2008 жылдан бері түрлі деңгейдегі 68 медициналық кешеннің құрылысы жүргізілген. Оның ішінде былтыр рес­пуб­ликалық бюджет қаражаты есебінен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарлама­сы бойынша Қызылорда қаласында ауысымына 500 адам қабылдайтын ем­хана құрылысы аяқталып, іске қосылса, жергілікті бюджет қаражатынан 12 фельдшерлік акушерлік пункт салынды. Ал «Сәби қоры» жекеменшік қайырым­дылық қоры қалалық сәбилер үйіне 60 төсектік жаңа ғимаратты сыйлады. Облыста жылжымалы медициналық кешен тұрғындарға қызмет көрсетуде. «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшер­лік-акушерлік пункт пен емхана» бағдарламасы аясында бірқатар емдеу, алдын алу мекемелерінің құрылысы қол­ға алынды.

Облыстың денсаулық сақ­тау басқармасына қарасты медици­налық ұйымдардағы жоғары білімді мамандарға тапшылық 2011 жылмен салыстырғанда азайды, әсіресе ауылдық жерлердегі дәрігер мамандарына қажеттілік соңғы үш жылда 52,3 пайыздан 37,8 пайызға төмендеген. 2009-2012 жылдары аудан­дық, ауылдық емдеу, алдын алу ұйым­дарына жалпы 150-ден аса жас маман-дәрігер жұмысқа қабылданған.

Соңғы жаңалықтар