Қызылорда облысында су тасқыны болуы әбден мүмкін - ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильиннің айтуынша, Қызылорда облысына республикалық құтқарушылардың жасағы аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Өзбекстан мен Қырғызстаннан Сырдарияға суды көптеп жіберіп жатқаннан кейін өзеннің деңгейі көтеріліп келеді. Қазіргі кезде секундына 1100 куб су келіп жатыр. Біз судың деңгейін үнемі бақылап отырамыз»,- деді Ильин бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аймақта қар мен мұздың қалыңдығы да жағдайды ушықтырып тұр. «Ондай жағдай ағыстың төменгі жағында Қызылордадан ары қарай тіркеліп отыр. Осыған байланысты күні кеше министр тиісті шешім қабылдады. Бүгін республикалық құтқарушылар жасағының құрылымын аяқтан тік тұрғызып, Қызылордаға аттандырдық. Сондай-ақ «Қазәуеқұтқару» тобын жібердік. Олар «Қазжарылысөндіріспен» бірге мұзды жарып, Арал теңізіне дейінгі жолды аршитын болады», - деп атап көрсетті вице-министр. 

Айта кетейік, алдағы уақытта ауа-райы күрт жылынып кеткен жағдайда, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының кей аумақтарын су басуы қаупі бар. Наурыздың аяғы мен сәуірдің басында су тасқыны болжанып отыр. Осыған байланысты республика бойынша ондаған шақырымның бөгендері жөнделіп, жер асты құбырлар тазартылды. Елді мекендерден миллиондаған текше метр қар шығарылды. Қазіргі кезде су тасқыны салдарларының алдын алу және жою үшін 8 мың тоннадан астам жанар-жағармай, 219 мың тонна инертті материалдар, 958 мың қап және 19,8 тонна жарылғыш зат қоры дайындалды. Халықты эвакуациялау жағдайына 1707 қабылдау пункті дайын тұр.  Сондай-ақ басқа жерге көшірілетін тұрғындарға қажетті тамақ өнімдері мен ауыз су қоры әзірленді.

Соңғы жаңалықтар