Қызылорда облысында су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жауын-шашын мол түсіп, қардың күрт еруінен Түркістан облысының Кентау, Түркістан қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарының бірқатар ауылында аулалар мен көшелерін су басты. Қызылода облысы әкімдігінен мәлім еткендей, осы жағдайға байланысты Сыр жұртшылығы да алаңдаулы.
None

Жоғарыда қалыптасқан тасқын судың әсерінен Арыс өзенінен Сырдария өзеніне түсетін су көлемінің ұлғаятындығы белгілі. Болжам бойынша биылғы 3-4 ақпанда Арыс өзенінен Сырдария өзеніне 100-150 м3/сек түсуі мүмкін. Қазір Арал ауданынан бастап Шиелі ауданына дейін өзен бетінде толық мұз қатқан. Мұздың қалыңдығы 18-ден 52 см-ге дейін. Бүгінгі ақпаратқа сәйкес облыс аумағына секундына 652 текше метр су түсуде.

Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдіктеріне және жауапты мекемелерге төтенше жағдайдың алдын алуға тиісті тапсырмалар берілді. Жағдай тұрақты бақылауда. Су тасқынының алдын алу мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің тапсырмасына сәйкес арнайы штаб құрылып, 2 ай көлемінде жұмыс жасауда. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар бойынша 141,9 тонна жанар-жағармай және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

Облыс аумағында Сырдария өзенінің бойында орналасқан стратегиялық маңызы бар Қызылорда, Айтек, Қазалы және Ақлақ су тораптары пайдалану Ережесіне сәйкес транзиттік режимге көшірілді.

Облыста 29 су басу аймақтары анықталып, оған 366 арнайы техника бірлігі және 1137 адамы бар 138 жауапты мекеме бекітілді. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді.

Су тасқыны кезеңінде халықты эвакуациялау үшін 64 жинақтау және 78 қабылдау пункттері дайындалған.

Облыстың барлық аумағында өзен бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуда.

Сырдария өзеніндегі су деңгейін төмендету мақсатында магистральдық каналдар мен көлдер жүйелері арқылы су алу шаралары тұрақты жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар