Қызылорда облысында суармалы алқапты 300 мың гектарға арттыру көзделуде

Сыр өңірінде суармалы жер алқаптарын 300 мың гектарға дейін арттыру межеленген. 2018 жылдың 1 қарашасына дейінгі есеп бойынша қазіргі таңда облыста 249,8 мың гектар суармалы жер тіркелген. Тиісті сала мамандары осы бағытта зерттеу шараларын жүргізді. Олар 116 мың гектар жерді айналымға қосуға мүмкіндік бар екендігін зерделеді. Оның ішінде пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар алқапты айналымға қосуға негіз бар.
«Өткен жылы осы жоба бойынша су нысандарын құжаттандыру жұмыстары толық аяқталып, республикалық меншікке өткізілді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Оның жалпы құны - 13,4 млрд теңге. Жоба Азиялық Даму Банкінің қарыз қаражаты есебінен іске асырылатын болады», - дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Әбдуәлиев.
Бұл бағытта екінші мүмкіндік бар. Оның нәтижесінде 87,5 мың гектар суармалы жаңа жерлерді анықтау арқылы оларды айналымға қосуға болады. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандары бұл бағытта 51 мың гектар суармалы жерді игеру мәселесін тиісті орындар назарына ұсынды.
«ҚазСуШар» кәсіпорнының ақпаратына сәйкес суармалы жер ретінде белгіленген 6 ауқымды жер бар. Атап айтқанда, бұл тізімге Түгіскен, Жаңақорған-Шиелі, Қызылорда оң жаға, Қызылорда сол жаға, Қазалы оң жаға және Қазалы сол жаға алабы енгізілген. Олардың жалпы көлемі 223 мың гектарды құрайды. Мамандардың айтуынша, бұлардың 34 пайызы пайдаланылып жатқан жоқ. Осы жерлер мен қосымша жаңа алаңдарды айналымға қосуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта аталмыш аумақтарда өнімділігі жоғары, суды аз қажет ететін, сұранысқа ие дақылдар егу жоспарланып отыр.