Қызылорда облысында суды үнемдеу технологиясына мән беріледі
Қызылорда облысында жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшу мәселесіне назар аударылмақ. Су үнемдеу технологияларын енгізу, суды тиімді пайдалану - Қызылорда облысы үшін өте маңызды мәселе.
Осы мақсатта биыл Жаңақорған ауданында «Қызылорда AgroPlus» ЖШС тамшылатып суару әдісімен томат өндіру жобасын бастады. Онда 2 гектар жерде сынақ ретінде қызанақтың 10 түрлі сортының көшеттері отырғызылды. Нәтижесі жаман емес. Әр гектардан орташа 900 центнерден өнім жиналды. Алдағы жылы егер осы жобаға қажетті инфрақұрылымды жеткізуге үлгерсе, 1000 гектар қызанақ егу жұмыстары басталады деп күтілуде.
«Бүгінгі таңда облыс халқын 29 негізгі азық-түлік тауарларының 5 түрімен толықтай қамтуға мүмкіндігіміз бар. Ал картоп, сәбіз және жылқы еті секілді өнімдермен 60 пайыздан астам қамтамасыз етілуде. Ал 7 түрлі өнім бойынша қамту көрсеткіші 20-60 пайыз аралығында. Қалған 14 өнім бойынша сырттан тасымалдауға мәжбүрміз. Осыған байланысты азық-түлік қамтамасыз ету балансының негізінде өз өндірісімізді ұлғайтамыз. Алдағы 5 жылда 56,1 млрд. теңгені құрайтын 42 жобаны іске асыру жоспарлануда», - деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов.
Өңірде өндірілмейтін азық-түлік тауарларын басқа аймақтардан сатып алу, тасымалдау, сақтауды жүзеге асыру үшін 2022 жылға көтерме-тарату орталығын ашу жоспарлануда. Аталған жұмыстарды іске асыру өз кезегінде азық-түлік бағасының ұзақ мерзімге тұрақтылығы мен алқаптан сөреге дейін тауар айналымын қамтамасыз етіп, экспортқа жіберуге септігін тигізеді.
Нәтижесінде, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы дақылдары өнімдерінің өсімі жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекет тарапынан бөлінген қолдауларды мерзімінде алуда.
Еске салсақ, Қызылорда облысында әлеуметтік дүкендер саны 34-ке жетті.
https://kaz.inform.kz/news/kyzylorda-oblysynda-aleumettik-dukender-sany-34-ke-zhetti_a3838169