16:09, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Қызылорда облысында тасқын қаупін алу мақсатында тоғандар соғуға былтыр 970 млн теңге қаржы жұмсалды
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Өткен жылы су тасқынының алдын алу шарасы барысында Қызылорда облысы бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Осыған байланысты техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, зардаптарын жоюға баса назар аударылды. Облыс көлеміндегі су басу қаупі бар аймақта орналасқан тұрғындарды қауіпсіз аймақтарға көшіру мақсатында арнайы орындар дайындалды. Дария жағасында тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылды. Өткен жылы Сырдария өзенінің арнасын қорғау, қорғаныс бөгеттерін және және бұру арналары бөгеттерін күшейтуге және қалпына келтіруге Республика Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен 970 млн. теңге қаржы бөлініп, біршама жұмыстар атқарылды. Осының арқасында су тасқыны кезінде Қазалы, Жалағаш, Шиелі және Қызылорда қаласындағы 8 елді мекенді су алу қаупінен сақтау мақсатында дария арнасына жалпы ұзындығы 8,2 шақырымды құрайтын түзету жұмыстары жасалды. Жаңақорған ауданындағы Төменарық, Қалған Сыр елді мекендері мен Сырдария ауданындағы суармалы жерлерді су тасқынынан қорғау мақсатында 20,3 шақырым қорғаныс бөгеттері нығайтылды.