Қызылорда облысында Тұңғыш Президент күніне орай бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді

Атап атқанда, Арал ауданы Қарақұм ауылдық округінде апатты жағдайда тұрған ескі мектептің орнына 600 орындық типтік үлгідегі жаңа білім ордасы бой көтерді.
Сонымен бірге аудандық балалар өнер мектебі ашылды. Бүгінде онда 314 оқушы дәріс алуда. Ғимараттың күрделі жөндеуіне аудан бюджетінен 36 921 000 теңге бөлінген.
Сондай-ақ осы айтулы күні аудан орталығында қазақтың үш жүзінің бірлігін көрсететін биіктігі 11 метр болатын 3 тұғырлы ескерткіш «Алаш алаңы» салтанатты жағдайда ашылды.
Сонымен қатар осынау ел өміріндегі елеулі күні тағы бір нысан пайдалануға берілді. Сексеуіл кенті орталығында апатты жағдайда тұрған білім ордаларының бірі №231 орта мектеп іске қосылды. Заманауи үлгіде салынған 150 орындық мектепте балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдайлар жасалған. Онда 50 мұғалім, 39 техникалық қызметші жұмыс жасайды. Жаңа мектепте 346 бала үш ауысымда оқиды.
Аралқұм елді мекенінде 1933 жылы салынған №61 апатты жағдайда тұрған білім ошағы қайта жаңғыртылды. Сәулетті ғимараттардың қатарына қосылған бұл оқу ордасында енді балалар жылы да жарық, кең жерде оқитын болады. Мектеп 5 блоктан тұрады. Мұнда сынып кабинеттерінен бөлек оқу, спорт және акт залдары, зертхана және шеберхана бөлмелері де бар. Мектеп құрылысына облыстық бюджеттен 448 млн теңге қаражат жұмсалды.
Айдынды Аралда жыл аяғына дейін 8 нысан, оның ішінде Ақбасты елді мекенінде тағы бір оқу орны, 6 спорт алаңы, 280 орындық балабақша іске қосылады деп күтілуде.