Қызылорда облысында ветеринария саласы мамандарына автокөлік кілттері табысталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Қызылорда облысында ветеринариялық ұйымдарға жаңа қызметтік автокөлік кілттері табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында ветеринария саласы мамандарына автокөлік кілттері табысталды

Салтанатты шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады. Өңірдің эпизоотиялық ахуалын сақтауда және тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринариялық ұйымдардың еңбегінің орны ерекше екенін тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ветеринария саласын жетілдіруге үлкен мән берді. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Себебі ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Ол ауылдағы ағайынның әл-ауқатына және облыстың агроөнеркәсіп саласының дамуына тікелей әсер етеді.

Ветеринария саласындағы жұмыстарды ілгерілету үшін 2021-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» жасалды. Ал, ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында биыл облыстық бюджеттен 111 млн теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде 2013 жылдан бері жаңартылмаған 15 қызметтік көлік ауыстырылды. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табатын болады», -деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Іс-шарада тапсырылған 15 қызметтік көліктің Арал ауданына 4, Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарына және Қызылорда қаласына 2 көліктен, Қазалы, Сырдария мен Шиелі аудандарына 1 автокөліктен жол тартты.

Келер жылы да ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыру көзделіп отыр. Яғни, келер жылы 30 автокөлік, 140 компьютер, 140 дана термочемодан алынбақ.