Қызылорда облысында заңсыз алкоголь өнімдерін сақтаған екі адам ұсталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында заңсыз алкоголь өнімдерін сақтаған екі адам қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: shutterstock.com

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті көрiнеу жалған есепке алу-бақылау маркаларын өткiзу мақсатында иемдену, пайдалану немесе өткізу дерегін анықтады.

«Қармақшы ауданында тұратын 2 адам екі мекенжайда сыйымдылығы 0,5 литрлік 2647 дана, 0,2 литрлік 889 дана және 1 литрлік 840 дана арақ өнімдерін сақтаған. Аталған азаматтар жалған есепке алу-бақылау маркасы жапсырылған алкоголь өнімдерін тергеумен анықталмаған адамдардан төмен бағада сатып алған. Оларды пайда табу мақсатында үстіне ақша қосып сату барысында құрықталған», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.

Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабының 2-бөлігінде қаралған қылмыстық құқық бұзушылық белгілерімен сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.

«Оқиға орнынан қарап тексеру барысында жалпы саны 4376 дана арақ өнімдері алынып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу талабына сәйкес, басқа ақпараттар жария етілмейді», - деп толықтырды департаменттен.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласында заңсыз ойын бизнесін жүргізген азамат айыппұл төлейді.


Соңғы жаңалықтар