Қызылорда облысында жол салу мен жөндеу саласында орасан зор жұмыстар атқарылып жатыр-Ө. Шәменов

ЫЛОРДА. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысында 2010 жылы жол салуда мен жолдарды жөндеуде орасан зор жұмыстарды атқарудың орайы келді.
None
None

Бұл туралы бізге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Өмірбек Шәменов кеңінен талдап айтып берді.

- Біздің облысымыздың аумағында қазіргі таңда облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары 2 228,5 шақырымды құрайды. Соның 13 шақырымы асфальтобетон, 1 112,5 шақырымы қара қиыршық тасты, 539 шақырымы қиыршық тасты, 564 шақырымы топырақты жол. Өткен жылы осы автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 3 659,3 млн. теңге бөлініп, оның 3 604,8 млн. теңгесі игерілді, - деп бастады әңгімесін Өмірбек Мөрәліұлы. - Енді бұл цифрдың өзін тарқатып айтсақ, республикалық бюджеттен 2 387,12 млн. теңге (2009 жылы 2 628,3 млн. теңге), жергілікті бюджеттен 1 272,2 млн. теңге (2009 жылы 5 851,3 млн.теңге) қаралды.

Республикалық бюджеттен «Жол картасы» жобасы бойынша бөлінген 1 643,95 млн. теңгенің 1 622,7 млн. теңгесі игеріліп, облыстағы аудандық маңыздағы 6 шақырым автомобиль жолына күрделі, 101 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2,4 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Жаңадан ашылған жұмыс орындарына аумақтық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мекемелерінің жолдамасымен 1710 адам жұмысқа қабылданды.

Арнайы трансферт бойынша қайта салу және күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген 743,1 млн. теңгенің жұмыстары толығымен игеріліп, Арал ауданындағы Сексеуіл елді мекеніне баратын жолдың 7,5 шақырымына, Жалағаш ауданындағы Жаңадария елді мекеніне баратын жолдың 10,8 шақырымына қайта салу, Қармақшы ауданындағы Көмекбаев ауылына баратын 20 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жергілікті бюджеттен бөлінген 1 272,2 млн. теңгенің 1 238,95 млн. теңгесі игерілді. Соның ішінде Қызылорда қаласындағы темір жол өткелін салуға бөлінген 1 186,5 млн. теңгенің 1 155,95 млн. теңгесі, Шиелі ауданындағы қалқымалы көпірді орташа жөндеуге бөлінген 38,5 млн. теңге, ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген 35,5 млн. теңге толығымен игерілді. Жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге бөлінген 9,3 млн. теңгенің 9,0 млн. теңгесі игерілді. Ал 2011 жылы алдымызда республикалық бюджеттен қайта жаңғырту жұмыстарына бөлінген 367,9 млн. және күрделі жөндеуге берілген 550,2 млн. теңгені игеру міндеті тұр.

- Сіздердің жұмыстарыңыздағы басты көрсеткіштің бірі жолаушылар тасымалымен өлшенеді ғой. Бұл ретте жыл ішінде қандай жұмыстар атқарылды және алда қандай жоспарлар бар?

- Дұрыс айтасыз, жолаушылар тасымалы белгілі бір деңгейде біздің жұмысымыздың бет-бейнсін айқындап береді. Мен бұған былай жауап беремін. Облыстағы шалғай ауылдық елді мекендерін аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 246 тұрақты автобус қатынасы ұйымдастырылып, бүгінгі күні 212 елді мекенімен көлік қатынасы орнатылды. Олар ауданаралық (қалааралық) - 71, ауданішілік (кентішілік) - 141, қалаішілік -25, қала маңындағы - 6, саяжайлық - 3 автобус маршруттарынан құралған. Былтырғы жылы болжам бойынша тасымалданған жолаушылар саны - 139,7 млн. адамды құрады немесе 2009 жылмен салыстырғанда 113,6 пайызға артық. Жолаушылар айналымы 2716,3 млн. жолаушы/шақырымды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 113,6 пайызға толып отыр. Осы маршруттарда 29 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және жеке кәсіпкерлер жылдың қандай да мезгіліне қарамастан, күнделікті әр түрлі сыйымдылықтағы 1714 дана автобус (101-і ауданаралық, 1613-і қала, қала маңы және ауданішілік) жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде.

Қазіргі таңда ауданаралық (қалааралық) автобус маршуттарында қызмет көрсетуші 200-ден астам автобус жүргізушілері мен автовокзал (стансы) қызметкерлері арнайы киім үлгісімен қызмет етуде.

2010 жылы 8 маршрутты демеу және қаржыландыру жөнінде шешім қабылданып, жолаушы тасымалдау құқығына наурыз айында конкурс өткізіліп, келісім-шарт жасалды. Ағымдағы жылы қаржыландыру жоспарына сәйкес жоспарланған 10,8 млн. теңге, яғни 99,9 пайыз игерілді.

Қызылорда қаласының қоғамдық көлік қатынасын жақсарту мақсатында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің 2010 жылғы 23 қыркүйектегі №03-4/6605 хатына сәйкес, мемлекеттің қатысуымен жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорын құру жөнінде келісімі алынып, қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылдың міндеттеріне облысішілік ауданаралық маршруттарда қазіргі заман талаптарына сай барлық сервистік қызметке сәйкес жаңа автобустармен қамтамасыз етуге ықпал ету, жол-көлік оқиғаларын алдын алу жөнінде шаралар жүргізу және жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын көтеру жатады. Дегенмен, биылғы жылғы ең үлкен жаңалығымыз, Қызылорда қаласының қоғамдық көлік қатынасын жақсарту мақсатында мемлекеттің қатысуымен жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорын құру болмақ. Бізге осы ретте Астана қаласынан үлгі алған ләзім.

- Осы күні халықтың көп қатынайтын саласының бірі темір жол екені де аян. Алыс жолдарға жұрт көбіне шойын жолдар көліктері арқылы барғанды қалайды. Ондағы қазіргі ахуал қандай?

- Біздің облысымыз еліміздегі ең темір жолыұзақ аймақтардың бірінен саналады.Бізді темір жол бармайтын бірде-бір аудан орталығы жоқ. Ал аталмыш жол желісінің ұзындығы 786 шақырымды құрайды. Осыншалықты шақырымдарды алып жатқан облыс аумағынан 16 жұп жолаушылар пойызы, оның ішінде мемлекетаралық (Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Ресей Федерациясы) бағыттағы 7 жұп пойызы өтеді.

Облыс орталығынан «Қызылорда-Астана-Көкшетау» және «Қызылорда-Алматы-Семей» пойыздары ұйымдастырылған. Темір жол бойында орналасқан елді мекендердің аудан және облыс орталықтарымен көлік қатынасы облысаралық 2 жұп «Қызылорда-Сексеуіл-Түркістан» пойызымен және жоғарыда аталған пойыздармен қамтамасыз етілуде. Бірақ бүгінгі күнге дейін 11 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр. Осыған сәйкес, облыс әкімдігі ҚР Көлік және коммуникация министрлігімен облысішілік «Қызылорда-Сексеуіл» қала маңы пойызын қайта жүргізу жөнінде жұмыстар жүргізіп, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігіне ұсыныстар жіберді. Бұл мәселе алдағы уақыттарда оң шешімін тауып қалады деген үміттеміз.

Сөздің реті келгесін, аймақтағы темір жол инфрақұрылымы туралы да айта кеткенім орынды болар. «Қазақстан Республикасының
2004-2006 жылдарға арналған темір жол көлігін қайта құрылымдау бағдарламасы» аясында облыстың коммуналдық меншігіне 1-5 класты 8 темір жол вокзалы (Сексеуіл, Арал, Қазалы, Төретам, Жосалы, Қызылорда, Шиелі және Жаңақорған) және 6 жолаушы вагоны берілген. Осы меншіктердің базасында шаруашылық жүргізу құқығындағы «Сырдариятеміржолсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылып, жұмыс жасауда. 2 жолаушы вагонының пайдалану мерзімінің бітуіне байланысты, есептен шығарылды.

«Сырдариятеміржолсервис» МКК тек қана жергілікті мемлекеттік меншіктегі вокзал ғимараттарын жалға беру арқылы жұмыс жүргізіп келді. 2010 жылғы 13 желтоқсанда облыстың коммуналдық меншігіндегі 8 темір жол вокзалын республикалық меншікке қайтару жөнінде № 964 облыс әкімдігінің қаулысы қабылданды. Осыған сәйкес, қазіргі таңда осы облыстың коммуналдық меншігіндегі 8 темір жол вокзалын республикалық меншікке, яғни «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның теңгеріміне беру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Қысқаша айтқанда, осы.

- Енді осы әңгімені әуе қатынасына да қатыстыра айтып өтсек.

- Облыс орталығын республикамыздың Астана, Алматы қалараларымен және басқа да облыс орталықтарымен байланыстыру үшін «Эйр Астана» және «Скат» әуе компанияларымен аптасына 24 рейс орындайды. Қазіргі таңда облыс орталығын Астана қаласымен байланыстыру үшін «Эйр Астана» әуе компаниясы аптасына 7 рейс жасауда. «Эйр Астана» және «Скат» әуе компаниялары Алматы қаласына - 13, Ақтау қаласына - 2, Шымкент және Атырау қалаларына 1 рейстен орындауда. 2010 жылдың қыркүйек айынан Алматы-Қызылорда маршруты бойынша кең фюзеляжды, сыйымдылығы 126 адамдық «AIRBUS» ұшағы қатынап тұр. «Қорқыт Ата» атындағы әуежайдан болжам бойынша 2010 жылы осы бағыттармен барлығы 50 575 жолаушы жөнелтілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен (44079) салыстырғанда 114,7 пайызды құрады.

Аймақтың инвестициялық тартымдылығын және туризм саласын дамыту бағытында, Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайының транзиттік мүмкіндіктерін арттыру және халықаралық талаптарға сәйкестендіру мақсатында, «Қорқыт Ата» әуежайының ұшып-қону алаңын қайта құру және әуежайлық, сервистік арнайы техникамен қайта жабдықтау» инвестициялық жобасы дайындалып, жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2008-2010 жылдарға 8,6 млрд.теңге бөлу жоспарланып, алайда жоба қайта қаралып 7,1 млрд. теңге болып нақтыланды. 2008 жылдың 1 сәуірінде ҚР ККМ-нің ұйымдастыруымен мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, қорытындысы бойынша бас мердігер - «К-Дорстрой» АҚ (Астана) анықталды.

2008-2010 жылдары жоспарланған қаржы толығымен игеріліп, ұшу-қону алаңына және перронды қайта құру және оның құрылысы жүргізілді, қауіпсіздік аймағы, 20 қызметтік автокөлікке арналған гараж салынды, әуе кемелері үшін жерасты электрмен жабдықтау көздерінің желілері тартылды, жарық-белгі және ауа райын зерттеу құралдарын орналастырылды, Германия және Финляндия елдерімен жарық белгілерімен жабдықтау жөнінде келісім шарттар жасалды. Өткен жылғы қараша айында қайта құру жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға қабылданды. Үстіміздегі жылы әуежайға Қызылорда қаласынан жолаушылар мен әуежай қызметкерлерін тасымалдауға тұрақты қоғамдық көлік қатынасы мен такси тасымалын ұйымдастыру қолға алынады. Жинақтап айтқанда, біздегі жұмыстардың жайы осындай.

Соңғы жаңалықтар