Қызылорда облысында жұмыртқа дефицитін болдырмау үшін 400 млн теңге бөлінді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жұмыртқа тапшылығын болдырмау мақсатында жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы күндері Қызылорда облысында жұмыртқа тапшылығы айқын сезілді. Бұл аталған өнім бағасының аспандап кетуіне алып келді. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде оның 1 данасын 55-60 теңгеге сатып алып жатқанын жазуда.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізіп, елімізде тіркелген құс тұмауы жұмыртқа бағасына кері әсер еткенін айтты. Дүкен сөрелерінде аталған өнімнің тапшылығы да сезілген. Оның үстіне тауыққа берілетін жемнің бағасы өскен. Соның салдарынан облысқа келетін жұмыртқаның көлемі біршама азайған.
Мәлім етілгендей, Қызылорда облысына алдағы үш күнде 3 миллион дана жұмыртқа жеткізіледі. Ал 600 мың данасынан астамы бүгін келеді.
«Аймақта жұмыртқа өндіретін екі кәсіпорын бар. Оның қуаттылығы ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті сырттан тасымалдауға тәуелдіміз. Қазіргі таңда кәсіпкерлермен келіссөз жүргізілуде. Биылғы жылдың 25 желтоқсанына дейін жұмыртқа тиелген сегіз жүк көлігі облысқа келеді. Алдағы мереке күндері де тапшылықты болдырмау мақсатында жұмыртқа жеткізіледі. Облыста жұмыртқаға тапшылық болмайды», - деді басқарма басшысы.
Тапшылықты болдырмау мақсатында жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлінген. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 8 кәсіпкерге 50 миллион теңгеден айналым қаражаты берілген.
«Біздің басты мақсатымыз - негізгі әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын болдырмау. Мәселен, кәсіпкерлер құс фабрикаларынан жұмыртқаның бір данасын 36 теңгеден алып жатыр. Айналым қаражатын алған кәсіпкерлер енді аталған өнімді қымбат сатпайды. Алыпсатарлыққа жол бермеу үшін бақылау жүргіземіз. Ал басқа өнімдерге экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан шекті баға қойып отырған жоқпыз. Өйткені, қолдан тапшылық жасалады», - деді Ш.Қойшыбаев.