Қызылорда облысында жұрттың толық жұмыспен қамтылуына айрықша назар аударылып отыр
Осы бағдарламаның аясында құрылған «Еңбекпен қамту» мемлекеттік орталығының директоры Лариса Кәрібаева осындай тұжырым айтады.
Бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес облыста 295 адамды 26 жаңа мамандық бойынша қайта даярлап оқытып шығару жоспарланса, 300 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына тарту көзделген. Оның шеңберінде 500 адам оқытылып, қайта даярлаудан өткізіледі. Мұнда оқудың үш түрі қарастырылған. Оның біріншісі - кәсіби даярлау. Бүгінгі таңда колледждерде оқуға 100 қаралы талапкер жолдама алды. Екінші түрі - кадрларды қайта даярлау. Мамандығы жаңа жұмысқа сәйкес келмейтін кісілер қайта оқытылады. Үшінші түрі - кәсібилікті көтеру. Қазір жұртқа жаңа мамандықтар беретін бірнеше топ жұмыс жасап жатыр.
Л.Кәрібаеваның айтуынша, еңбекпен қамту орталығына бүгінде жұмыс берушілерден 600-ден астам тапсырыс түсіп отырған көрінеді. Арнайы комиссия жаңа жұмыс орындарына үміткерлердің құжаттарын қарай келіп, жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша 573 адамды жұмысқа орналастырды. «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы аясында әрбір қалаушыға жаңа кәсіпті игеруге мүмкіндік жасалуы керек болса, бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстар бар. Мәселен, еңбек рыногында айтарлықтай сұранысқа ие мұнай өндірісінің операторы, жол құрылысы мәшинелерінің жүргізушісі, электрмен дәнекерлеуші секілді мамандықтар түрлеріне оқыту «ТехМаман» ЖШМ оқу орталығында жүргізіліп келеді. Оқу орталығы өзінің алдына орта мектептер түлектерін жұмысшы мамандықтарына кәсіби негізде оқыту арқылы аймақтағы кәсіпорындар мен мекемелерді қажетті кадрлармен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. «ТехМаман» облыста «Жол картасы» бағдарламасының табысты жүзеге асырылуына белсене араласуда. Осының бәрі «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасының табысты жүзеге асуына серпін беретін болады.