Қызылорда облысында жыл басынан бері 12609 адам коронавирус жұқтырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жыл басынан бері 12609 адамнан коронавирус анықталды. Тамыз айында ең жоғары көрсеткіш 5 333 адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір өңір коронавирус инфекциясының эпидемиологиялық жағдайын бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта тұр. Қатерлі дертке шалдыққан науқастар саны шілде және тамыз айындағы 200-ден төмендеді.

Облыста 2020 жылдың наурыз айынан бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясына 16001 адам шалдыққан.

«Науқастардың 79 пайызы клиникалық белгісімен, 21 пайызы ауру тасымалдаушы ретінде клиникалық белгісінсіз тіркелген. Былтыр симптомсыз түрі көп кездескен болса, биылғы мутацияланған жаңа штамдардың әсерінен құрғақ жөтел, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік сияқты клиникалық белгісімен анықталған адамдар көп», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Былтыр барлығы 3 392 коронавирус жұқтыру жағдайы анықталған. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есеге өсіп, 12609 адамға жетті. Ең жоғары көрсеткіш биылғы тамыз айында тіркелді. Ол 5 333 жағдайды құрайды.

Коронавирус инфекциясы облыстың барлық ауданында тіркелуде. Әсіресе, Қызылорда қаласы, Жаңақорған және Сырдария аудандарында жағдай күрделі.

Еске салсақ, Қызылорда облысындағы барлық оқу орындары «Ashyq» жобасына қосылды.


Соңғы жаңалықтар