Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев бірқатар аудан әкімдерін тағайындады

Бұл туралы Қызылорда облыстық интернет газеті хабарлады.
Алғашқы тағайындау Шиелі ауданынан басталды. Аудандық мәслихаттың келісімімен Мұрат Нәлхожаұлы Ергешбаев Шиелі ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.
Аймақ басшысы Мұрат Нәлхожаұлына алдағы қызметінде Елбасы саясатын жүргізуге одан әрі үлес қосып, Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялық әлеуетін арттыруға, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсартуға бар күш-жігерін жұмсайды деген сенім білдірді.
Ал бұған дейін Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарып келген Нұрлыбек Машбекұлына Қ.Көшербаев ауданның дамуы жолында жасаған еңбегі үшін ризашылығын жеткізді.
***
Мұнан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Арал ауданының активіне аудандық мәслихаттың келісімімен Арал ауданының әкімі лауазымына тағайындалған Мархабат Жайымбетұлын таныстырды.
Арал ауданына сегіз жылдан астам уақыт бойы басшылық еткен Нәжмадин Түркбенұлы Мұсабаевқа өңірдің дамуына, өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі үлесі үшін алғысын білдірді.
Жаңадан тағайындалған Мархабат Жайымбетұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен жақсы таныс. Басшылық қызметте ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибелі маман.
«Ол өзінің алдағы қызметінде Елбасының тікелей қамқорлығындағы Арал өңірінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан және жергілікті тұрғындардың ата кәсібі - балық шаруашылығының одан әрі дамуына бар күш-жігерін жұмсайтынына сенімдімін», - деді аймақ басшысы.
***
Аймақ басшысының сапары Қазалы ауданында жалғасты. Мұнда облыс әкімі аудан активіне аудандық мәслихаттың келісімімен Қазалы ауданының әкімі қызметіне тағайындалған Бахыт Дүйсенұлы Жахановты таныстырды.
Бахыт Дүйсенұлына алдағы қызметінде Елбасының саясатын жүргізе, Үкімет пен облыс әкімдігінің тапсырмаларын орындай отырып, Қазалы ауданының келбетімен қатар инвестициялық тартымдылығын арттыруда және ауданның одан әрі дамуына бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.
Қырымбек Елеуұлы бұған дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарып келген Мұрат Самұратұлына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарған еңбегі үшін ризашылығын білдірді. «Мұрат Самұратұлы жергілікті басқару жүйесіндегі жинақтаған мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін облыстың одан әрі дамуы мен көркеюіне жұмсайды деген сенімдемін», - деді аймақ басшысы.
***
Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының аудан әкімдерін тағайындауы Қармақшы ауданында қорытындыланды.
Аймақ басшысы Қармақшы ауданының әкімі лауазымына аудандық мәслихаттың келісімімен Мұрат Самұратұлы Имандосовты тағайындады.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы Имандосов Мұрат Самұратұлына жақсы таныс. Басшылық қызметте жоғары ұйымдастырушылық қабілетке ие тәжірибелі маман.
Оған алдағы қызметінде Елбасы саясатын жүргізіп, Қармақшы ауданының сәулеттік келбетін арттырумен қатар одан әрі дамуына бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім артылып отыр.