Қызылорда облысының ардагерлер кеңесі және Ассамблея хатшылығы прокуратурамен меморандумға қол қойды

Осылайша, ҚХА мен облыс ардагерлері аймағымыздың құқық қорғауға өз үлестерін қоспақ.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жүздеген ұлттың басын қосып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстырған толеранттылықтың өзге елде жоқ ерекше үлгісі. Көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселелер Ассамблеяның тиісті мінберінде айтылып, олардың оңды және ортақ шешімі сол жерде табылатындығы сөзсіз. Осындай ел бірлігі мен ынтымағын арттыру жолында жұмыс жасап келе жатқан ҚХА мен облыстық прокуратура арасындағы ықпалдастықтың рөлі ерекше. Меморандум облыстық прокуратура мен Қазақстан халқы Қызылорда облыстық Ассамблеясы хатшылығының күш-жігерін біріктіру арқылы, қоғамдық пікір тудыратын келіспеушіліктер мен даулар орын алған жағдайда оны реттеу және келеңсіз жағдайларды болдырмау, бірлескен іс-қимыл тәртібінде пікірлер ұсынып, ықпалдасу, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайтуда бірлескен тиімді шараларды іске асыру сияқты мәселелерді шешуде үлкен маңызға ие. Сондай-ақ Қызылорда облыстық прокуратурасы мен Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі арасында да өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екіжақты меморандум өңіріміздің ахуалының тұрақтылығына қатысты ықпалдасу және кеңесу тәртібінде атқаратын іс-шараларға өз септігін тигізетін болады. Бұл келісімдер алдағы қос бірдей маңызды мереке - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы қарсаңында өзге өңірлер арасында алғаш болып қолға алынған бастама.